Президент сұхбаты – ел дамуының жаңа кезеңіне арналған айқын бағдар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың республикалық «Turkistan» газетіне берген сұхбаты еліміздің қазіргі даму кезеңіндегі негізгі басымдықтарды нақты айқындап берді. Бұл туралы Абай облыстық мәслихатының төрағасы Шалқар Байбеков пікір білдірді.
Президент сұхбатында экономикалық реформалардың мазмұны, әлеуметтік әділдік қағидаттарын нығайту, инфляциямен күрес, салық саясаты, энергетика мен инфрақұрылымды жаңғырту, көлік-логистика саласын дамыту, ауыл шаруашылығы мен туризм, цифрландыру және жасанды интеллект бағыттарындағы маңызды міндеттер жүйелі әрі түсінікті түрде қамтылған. Мемлекет басшысы барлық өзгерістердің түпкі мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру және қоғамда әділдік пен жауапкершілікті орнықтыру екенін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар сұхбатта алдағы кезеңде ел тағдырына тікелей әсер ететін ауқымды саяси реформалардың жаңа кезеңі басталатыны айтылды. Бұл бағытта заң шығару жүйесін жаңғырту, Парламент жұмысының тиімділігін арттыру мәселелеріне басымдық берілетіні атап өтілді.
Президенттің айтуынша, жүзеге асырылатын саяси реформалар Конституцияға түзетулер енгізуді талап етеді. Алдағы конституциялық реформа жекелеген нормалармен шектелмей, тұтастай алғанда елдің саяси-құқықтық негіздерін заман талабына сай жаңғыртуға бағытталмақ. Бұл өзгерістер жалпыұлттық келісімге сүйене отырып, кең қоғамдық талқылау арқылы іске асырылатын болады.
Мемлекет басшысы көтерген «Заң мен Тәртіп», еңбекқорлық пен әлеуметтік жауапкершілік қағидаттары орталық деңгейдегі саясатпен қатар, жергілікті өкілді органдар қызметінің де негізгі бағыты болуы тиіс. Бұл мәслихаттар үшін қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға, бюджеттік тәртіпті күшейтуге және халықтың нақты сұранысына негізделген саясат жүргізуге бағытталған айқын бағдар болып табылады.
Абай облыстық мәслихатының төрағасы Шалқар Байбековтің айтуынша, өңірлік мәслихат Мемлекет басшысы айқындаған реформалар бағытын толық қолдайды.
Осылайша, Мемлекет басшысының сұхбаты өңірлік деңгейдегі өкілді органдар үшін де нақты міндеттер мен жауапкершіліктерді айқындап берді.