Cемей-25°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
508.91 594.36 6.33

Жасанды интеллект – ел болашағын айқындайтын стратегиялық таңдау

6-01-2026, 11:43 018.kz

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатында жасанды интеллектіні дамыту еліміздің болашағын айқындайтын басты бағыттардың бірі ретінде айқындалды. Бұл туралы «Abay Media Group» ЖШС директорының орынбасары Думан Кенжеғазыұлы пікір білдірді.

Оның айтуынша, бүгінгі әлемдік дамудың негізгі қозғаушы күші – табиғи ресурс немесе өндіріс емес, ой, дерек және алгоритмге негізделген технологиялар. Мемлекет басшысы дәл осы шындықты нақты атап өтіп, Қазақстанның алдағы тағдыры цифрлық дамуымен тығыз байланысты екенін көрсетті.

«Жасанды интеллект – жай ғана технология емес, бұл – өркениеттік таңдау. Әлемде АҚШ пен Қытай арасында жүріп жатқан бәсеке байлық үшін емес, технологиялық үстемдік үшін күрес екенін аңғартады. Мұндай жағдайда сыртта қалу – өз даму бағытыңды өзгеге тәуелді ету деген сөз», – деді ол.

Думан Кенжеғазыұлының пікірінше, Қазақстан цифрлық ел болуға дайын. Онлайн қызметтер, мобильді банкинг, электронды үкімет жүйесінің кең қолданысы халықтың цифрлық мәдениетке бейім екенін дәлелдейді. Astana Hub аясында мыңдаған IT-компанияның жұмыс істеуі және IT экспортының миллиардтаған долларға жетуі – нақты нәтижелер.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні дамытуға қатысты ұстанымы бір реттік науқан емес, жүйелі мемлекеттік саясат екенін атап өтті. Заңнамалық негіздің қалыптасуы, салалық министрліктің құрылуы, суперкомпьютерлердің іске қосылуы – осы бағыттағы нақты қадамдар.

«Бұл саладағы ең басты ресурс – адам капиталы. Жасанды интеллектіні жасайтын да, оны басқаратын да адам. Мыңдаған студенттің осы бағытта білім алуы және арнайы зерттеу университетінің ашылуы – ертеңге деген сенімнің айқын көрінісі», – деді ол.

Президенттің шешімімен 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы елдің бұл салаға дайын екенін көрсетеді. Бұл бастама жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға, экономика мен қоғам өміріне кеңінен енгізуге жол ашады.

«Жасанды интеллект – Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік. Оны дер кезінде тиімді пайдалана алсақ, біз өзгелердің соңынан ермей, өз даму жолымызды қалыптастырамыз. Болашаққа бастар жол дәл қазір басталып жатыр», – деп түйіндеді Думан Кенжеғазыұлы.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив