Cемей-25°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
508.91 594.36 6.33

Сыбайлас жемқорлықпен барлық деңгейде күрес – мемлекеттік саясаттың басым бағыты

6-01-2026, 12:00 018.kz

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Turkistan» газетіне берген сұхбатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл туралы «Шәкәрім университеті» КЕАҚ, Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі әдеп уәкілі Назигүл Ғазизова пікір білдірді.

Сұхбат барысында Мемлекет басшысына әлеуметтік желілерде айтылып жүрген «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыты болудан қалды» деген пікірлерге қатысты сұрақ қойылды. Атап айтқанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дербес мәртебесінің жойылуы осыған дәлел ме деген сауал көтерілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл пікірлерді негізсіз деп бағалап, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі дербес мемлекеттік орган ретінде өзіне жүктелген міндеттерді табысты орындағанын атап өтті. Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитеті де жемқорлықпен күрес жүргізіп отырғанын, екі органның бір міндетті қабаттаса атқаруы мемлекеттік маңызы бар жұмысқа кері әсер ете бастағанын түсіндірді.

«Сыбайлас жемқорлықпен барлық деңгейде күресу мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Бұған қатысты ешқандай күмән тумауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент қылмыстың алдын алуда түсіндіру және ағарту жұмыстарының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жемқорлыққа төзбеу мәдениетін қалыптастыру балалардан бастап, мектептерде, қоғамдық ұйымдарда, белсенді азаматтар мен әсіресе ата-аналардың қатысуымен жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс.

Назигүл Ғазизованың пікірінше, Президенттің бұл ұстанымы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ұзақ мерзімді әрі кешенді саясат екенін көрсетеді. Қылмыстың алдын алу, қоғамда адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын орнықтыру – басты міндеттердің бірі.

Осы бағытта Шәкәрім университетінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Университетте білім алушыларға «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» пәні оқытылып, парасаттылық сағаттары тұрақты түрде өткізіледі. Бұл іс-шаралар адамгершілік құндылықтарды дамытуға, адал еңбекке тәрбиелеуге және парасатты азамат қалыптастыруға бағытталған.

Қоғам белсендісінің айтуынша, жоғары оқу орындарындағы әділдік, ашықтық пен адалдық қағидаттары болашақ мамандардың кәсіби және азаматтық ұстанымының қалыптасуында шешуші рөл атқарады. Ал мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдарының бірлескен жұмысы елімізде жемқорлыққа төзбеу мәдениетін орнықтыруға зор ықпал етеді.

Осылайша, Шәкәрім университеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясатты қолдай отырып, болашақ мамандардың адал әрі жауапты азамат болып қалыптасуына өз үлесін қосып келеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив