Cемей-21°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
512.83 600.58 6.36

Кәсіподақтар федерациясы Президент айқындаған реформалар бағытын толық қолдайды

6-01-2026, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген бағдарламалық сұхбатында айтылған стратегиялық бағыттар мен негізгі ұстанымдарға Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы жан-жақты қолдау білдіреді. Бұл туралы Федерация төрағасы Сатыбалды Дәулеталин пікір айтты.

Бүгінде Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы экономика салаларының түрлі бағыттарында еңбек етіп жүрген шамамен екі миллионға жуық қызметкерді біріктіреді. Федерация басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының сұхбатында ел дамуының қазіргі жағдайы байыпты бағаланып, қол жеткізілген жетістіктермен қатар, алда тұрған нақты міндеттер айқын көрсетілген.

Президент экономикалық өсімнің көрсеткіштермен ғана емес, қарапайым азаматтардың күнделікті өмірінде сезілуі қажет екенін орынды атап өтті. Осы тұрғыда мемлекеттік саясаттың адам еңбегіне, ел дамуының басты қозғаушы күші болып табылатын еңбек адамына бағытталуы ерекше мәнге ие.

Сатыбалды Дәулеталин Мемлекет басшысы айқындаған әділет, заң және еңбекқорлық қағидаттарын Қазақстанның жаңа даму моделінің негізгі тіректері ретінде жоғары бағалады. Оның айтуынша, бұл құндылықтар әлеуметтік тұрақтылық пен орнықты дамудың іргетасы болып табылады. Алайда оларды іс жүзінде жүзеге асыру әлеуметтік әріптестіктің тиімді институттарынсыз, еңбек құқықтарын сақтаусыз және қызметкерлердің реформалар үдерісіне белсенді қатысуынсыз мүмкін емес.

Президенттің экономикалық өсім азаматтардың әл-ауқатының нақты артуымен қатар жүруі тиіс деген пікірі де кәсіподақтар тарапынан қолдау тапты. Инфляцияны тежеу, бюджеттік тәртіпті нығайту және қабылданған шешімдердің нәтижесін халықтың күнделікті тұрмысында сезіндіру – басты міндеттердің бірі ретінде аталды. Осыған байланысты кәсіподақтар федерациясы экономикалық реформалардың жалдамалы жұмысшылар мен олардың отбасыларының өмір сүру деңгейіне әсерін тұрақты бақылау қажеттігін атап өтті.

Сұхбаттағы негізгі идеялардың бірі – реформалардың қайтымсыздығы. Мемлекет басшысы заң мен тәртіпке, еңбекке құрметті күшейту арқылы елдің жаңа даму жолына түскенін нақты көрсетті. Кәсіподақтар бұл бағытты ел болашағы үшін қажетті әрі маңызды қадам деп санайды.

Федерация үшін Президенттің салық реформасына қатысты ұстанымы да ерекше маңызға ие. Мемлекет, бизнес және азаматтар арасындағы әріптестікке негізделген тәсіл халықаралық еңбек стандарттарына және әлеуметтік диалогтың озық тәжірибелеріне сай келеді. Кәсіподақтар салықтағы өзгерістер жалақының сатып алу қабілетін сақтаумен, әлеуметтік қорғанысты күшейтумен және бюджет қаражатын білім беру, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қолдау салаларына әділ әрі ашық жұмсаумен қатар жүруі тиіс деп есептейді.

Сондай-ақ сұхбатта экономиканың нақты секторы – көлік, логистика, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің стратегиялық рөлі айқын көрсетілді. Бұл салалар кәсіподақтар үшін жұмыспен қамту, қауіпсіз еңбек жағдайлары және өңірлердің тұрақты дамуы мәселелерімен тығыз байланысты. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру ұжымдық шарттар жасасумен және еңбек заңнамасын қатаң сақтаумен қатар жүруі тиіс.

Президенттің жұмысшы және техникалық мамандықтарға ерекше көңіл бөлуі де кәсіподақтар тарапынан жоғары бағаланды. Білікті кадрларды даярлау, еңбектің беделін арттыру және кәсіби білім беруді дамыту – табысты жаңғыртудың негізгі шарттары ретінде аталды.

Цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу мәселесі де кәсіподақтар үшін өзекті. Федерация цифрлық трансформацияны еңбек құқықтарын қорғауды күшейтудің, ашықтықты арттырудың және әлеуметтік диалогты жандандырудың тиімді құралы деп санайды. Бұл ретте технологиялық даму әлеуметтік жауапкершілікпен, қайта даярлау бағдарламаларымен және еңбек заңнамасын жаңа жұмыс форматтарына бейімдеумен қатар жүруі тиіс.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты Президенттің принципті ұстанымы да кәсіподақтар тарапынан толық қолдау тапты. Лайықты жалақы, қауіпсіз еңбек жағдайлары, кадрларды дамытуға инвестиция салу – тұрақты дамудың негізгі шарттары.

Сатыбалды Дәулеталин Мемлекет басшысы атап өткен патриотизм ұғымын күнделікті адал еңбекпен, заңды сақтаумен және еңбек адамына құрметпен тікелей байланыстырады. Жұмысшылар, инженерлер, мұғалімдер, дәрігерлер мен фермерлер – елдің тұрақтылығы мен дамуының тірегі.

Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы алдағы уақытта да Президент айқындаған реформаларды іске асыруға белсенді қатысуға, әлеуметтік диалогты күшейтуге және қызметкерлердің еңбек пен әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғауға бағытталған ұсыныстар енгізуге дайын екенін мәлімдеді. Елдегі экономикалық өсім әрбір жұмыс орны мен әрбір отбасының өмірінде нақты сезілгенде ғана реформалардың мәні толық ашылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив