ҚР Парламенті Сенатында Талғат Мұсабаевты еске алуға арналған ескерткіш тақта орнатылды
Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына ерекше үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері туралы естелікті қастерлеу дәстүрге айналған. Олардың қатарында биыл 75 жасқа толатын Халық қаһарманы, Парламент Сенатының бұрынғы депутаты Талғат Мұсабаев туралы деректер де бар.
Сенат депутаты болған кезінде Т.Мұсабаев жұмыс істеген кабинеттің жанында, сондай-ақ Сенаттың отырыс залындағы жұмыс орнында мемлекеттік және қоғамдық қызметіне орай құрмет ретінде естелік тақтайша орнатылды. Ескерткіш оның елімізді өркендету жолындағы қызметін есте сақтауға және заң шығару органының жұмысына қосқан үлесінің маңызын атап өтуге арналған.
Ғарышқа үш рет ұшқан Талғат Мұсабаев тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы және көрнекті мемлекет қайраткері ретінде тарихтан өз орын алды. Парламент Сенатының депутаты ретіндегі қызметі ауқымды, еңбегі зор. Ол осы кезеңде заң шығару ісіне белсенді қатысты, еліміздің қорғаныс қабілетін және ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтудың негізгі мәселелерін зерделеді, ұлттық мүддені қорғады және Қазақстанның қазіргі заманғы құқықтық жүйесін қалыптастыруға зор үлес қосты.
Отандық парламентаризм тарихында көрнекті тұлғаларды еске алу құрмет пен сабақтастық дәстүрінің бір бөлігі болып табылады. Еліміздің тарихында ерекше орын алатын мемлекет қайраткерлері Әбіш Кекілбайұлы мен Өмірбек Байгелдидің құрметіне орай Сенатта осындай естелік тақтайша орнатылған болатын.