Президент және Абай тағылымы: ұлтты ұйыстырған рухани бағдар
Қай қоғамда да ел тізгінін ұстаған тұлғаның рухани сүйенері, ой елегінен өткізер өлшемі болады. Себебі мемлекеттің тағдыры тек саяси шешімдермен ғана емес, терең парасатпен, биік адамгершілікпен айқындалады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлы мұрасын жүйелі түрде қоғамдық ойдың өзегіне айналдыруы – кездейсоқ құбылыс емес, саналы әрі стратегиялық таңдау.
Президенттің «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Абай мұрасына айрықша тоқталуы осының айқын дәлелі. Мемлекет басшысы ұлы ойшылдың қоғамдағы кемшіліктерді бүкпесіз айтып, «Толық адам» ілімі арқылы адам мен қоғамды кемелдікке бастайтын жолды көрсеткенін ерекше атап өтті.
«Біз Абайды және оның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеп келеміз. Ол қоғамдағы кемшіліктерді бүкпесіз айтып, “Толық адам” болуға бастайтын дұрыс жолды нұсқап кетті. Ұлы ойшылдың ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұрасы саналатын “Қара сөздері” әлі күнге дейін өзекті болып отыр», – деді Президент.
Шынында да, Абайдың «Қара сөздері» – қазақ руханиятының алтын қазығы. Ар мен ұят, еңбек пен білім, әділет пен жауапкершілік туралы ойлар бүгінгі қоғам үшін бұрынғыдан да маңызды. Президенттің Абай мұрасына жиі көңіл аударуы – осы құндылықтардың мемлекет дамуының рухани өзегіне айналуы тиіс екенін аңғартады.
II дәрежелі «Барыс» орденінің кавалері, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», Абай облысы мәслихатының депутаты, ҚПҒА корреспондент-мүшесі, ф.ғ.к., М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры Президент сұхбатына қатысты пікірінде Мемлекет басшысы үшін Абайдың ақыл-парасаты мен әділетке негізделген ойы басқарудағы темірқазыққа айналғанын атап өтеді. Оның айтуынша, бұл – билік шешімдерінің моральдық жауапкершілікпен қабылдануына негіз болатын өлшем.
Қазіргі Қазақстанның идеологиялық кеңістігінде Абай тұлғасына қайта-қайта оралу – ностальгия немесе символдық дәстүр емес. Бұл – қоғам дамуының жаңа кезеңінде қандай құндылықтарға сүйену керектігін айқындайтын саналы таңдау. Президент ерекше мән беретін Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы бүгінгі күн үшін абстрактілі философия емес, нақты азаматтық модель ретінде ұсынылады. Бұл модель еңбекке адалдыққа, білімге ұмтылуға, ар мен әділетті өмірлік ұстаным етуге негізделген.
SEMEI телеарнасының бас редакторы Сайра Нүсіпбаева Мемлекет басшысы Абай арқылы азаматқа дайын формула ұсынбайтынын, керісінше, әр адамды өзін-өзі бағалауға, ішкі есепке шақыратынын атап өтеді. Оның пікірінше, Абай ілімі – халыққа ғана емес, биліктің өзіне де қойылатын талап. Егер Абай рухани бағдар ретінде мойындалса, онда басқару шешімдері де әділет, ынсап пен жауапкершілік өлшеміне сай болуы тиіс.
Облыстық өлкетану музейінің директоры Қайрат Сабырбай Президенттің Абайға сүйенуін тарихи тартыстарды қоздыру емес, ұлттық тұтастықты нығайтудың жолы деп бағалайды. Оның айтуынша, Абай – белгілі бір аймақтың немесе кезеңнің ғана емес, бүкіл ұлттың ойшылы. Сондықтан Мемлекет басшысының Абайды алға шығаруы – қоғамды жіктеуден гөрі, ортақ рухани негізге сүйеніп ұйыстыруға бағытталған саясат.
Әлихан Бөкейхан университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Айрат Базенов Мемлекет басшысының ой-тұғырнамасының өзегінде Абай ілімі жатқанын атап өтеді. Президент үшін Абай – ұлттық сананы сауықтыратын басты рухани бағдар. Тарихты бұрмалау, даурықпаға еріп кету – Абай сынаған «бос мақтан» мен «орынсыз намыстың» көрінісі. Мемлекет басшысының «ақиқатқа негізделген тарих қана қоғамды алға бастырады» деген ұстанымы осы оймен сабақтас.
«Abay Media Group» ЖШС директорының орынбасары Думан Кенжеғазыұлы Президенттің тарихқа қатысты сыни пікірі де Абай ілімінен бастау алатынын айтады. Абай «надандық, еріншектік, залымдық – адамды аздыратын үш нәрсе» деп кесіп айтқан. Бүгінгі жалған тарих жасау, ойдан батыр шығару, өз кемшілігімізге өзгені кінәлау – сол надандықтың заманауи көрінісі. Мемлекет басшысы қоғамды дәл осы дерттен арылуға шақырып отыр.
Ал блогер Оңғар Қабденнің пікірінше, Президенттің Абайды рухани темірқазық ретінде ұстануы – ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік деңгейдегі стратегия. Абай – қазақ қоғамының кемшілігі мен мүмкіндігін дәл таныған ойшыл. Президент оны үлгі ету арқылы қоғамға «өзімізді алдамай, шынайы түрде тануымыз керек» деген ойды меңзейді.
arasha.kz сайтының бас редакторы Өміржан Әбдіхалықұлы да Мемлекет басшысының Абайды елдік мұраттың мәңгі бағдары ретінде қарастыратынын атап өтеді. Оның айтуынша, Абай – өткеннің ескерткіші емес, бүгін мен болашаққа жол сілтейтін тірі ой. Ұлы ойшылдың қара сөздері мен өлеңдеріндегі терең тағылымды өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – ұлттық жаңғырудың басты алғышарты.
Қорытындылай айтқанда, Абай Құнанбайұлы Президент үшін өткеннің мұрасы ғана емес, қазіргі мен болашақты жалғайтын интеллектуалдық көпір. Ол – билік пен қоғамды өлшейтін моральдық өлшем, ұлттық сананы ұйыстыратын рухани темірқазық. Президенттің Абайды үнемі алға шығаруы – елді даурықпадан арылтып, ақыл мен парасатқа негізделген берік ұлттық сананы қалыптастыруға бағытталған стратегиялық ұстаным. Ұлтты өзгерту үшін ең алдымен сана өзгеруі керек десек, сол сананы өзгертетін кілт – Абай ілімінде.