Сенаторлар Президенттің сұхбаты аясында Абай облысын дамыту жоспарын талқылады
Сенаторлар Қайрат Тастекеев пен Айнұр Арғынбекова Семей қаласында Абай облыстық қоғамдық кеңесінің мүшелерімен және өңірдің белсенді тұрғындарымен кездесті.
Ашық пікірлесу барысында облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың өзекті мәселелері, медицина қызметкерлерін қолдау шаралары, цифрлық технология мен жасанды интеллекті дамыту, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатында белгіленген негізгі басымдықтар талқыланды.
Кездесуге қатысушылар Семей ядролық полигонындағы сынақтар салдары, медициналық көмек пен оңалту қызметтерінің қолжетімділігі, ветеринариялық қызмет қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, ауылдық мектептердің жай-күйі, бюджет саясаты және заңнамадағы өзгерістерге байланысты мәселелерді көтерді.
Сенатор Қайрат Тастекеев сонымен қатар Абай облысындағы Бородулиха ауданында болып, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асыру барысымен танысты. Атап айтқанда, ол Переменовка және Ремки ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысын тексерді. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жоба бойынша су құбырының жалпы ұзындығы 22 805 метрді құрайды. Оны іске асыру нәтижесінде орталықтандырылған сумен 771 тұрғын қамтамасыз етіледі.
Сенатор сапар барысында Камышенка ауылындағы ауылдық мәдениет үйінде де болды. Нысан толығымен пайдалануға беріліп, жиһазбен және инженерлік желілермен қамтамасыз етілген. Оның мәдени және қоғамдық іс-шараларды өткізу, шығармашылық үйірмелерді дамыту және ауыл тұрғындарының бос уақытын ұйымдастыруда маңызды алаңға айналатыны атап өтілді.