NIS Семейде «Келешек мектептері» педагогтері үшін кәсіби даму семинары өтті
Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасының педагогтеріне арналған «Заманауи мектеп зертханасы: мұғалімге арналған практикалық дағдылар» атты семинар-практикум өтті. Семинарға физика, химия, биология, STEAM, робототехника, информатика пәндерінің мұғалімдері қатысты.
Абай облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында заманауи білім стандартарына сай 4 мектеп бой көтерген. Семинар осы білім беру мекемелерінің зертханалық мүмкіндіктерін тиімді іске қосуға әдістемелік қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
NIS ұстаздары мен Педагогикалық шеберлік орталығының мамандары әріптестеріне мектеп зертханасын тиімді пайдалану, жасанды интеллектті оқу процессіне енгізу, сабақ рефлексиясы мен тиімділігін талдау, тігінен және көлденең жоспарлау әдіс-тәсілдерін көрсетті. Сондай-ақ, тірек мектептерінің мұғалімдері де өздерінің озық тәжірибелерін ортаға салды.
Практикум барысында қатысушылар тапсырмаларды саралау, оқу траекторияларын жекелендіру және зертханалық қауіпсіздік бойынша дағдыларын дамытты.