ҚР ІІМ азаматтарды инвестиция саласындағы алаяқтардан сақ болуға шақырады
ҚР ІІМ азаматтарды инвестиция саласындағы алаяқтардан сақ болуға шақырады. Соңғы уақытта инвестиция және түрлі жобаларға ақша салу сылтауымен интернет-алаяқтық жиілеп кетті.
Алаяқтар мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жасанды интеллект технологияларын пайдаланып, танымал тұлғалардың бейнелерін қолдану арқылы азаматтарды түрлі инвестициялық жобалар мен қорларға қаржы салуға үгіттейді. Түрлі жалған уәде беріп жылдам әрі табыс табуға сендіреді. Жалған брокерлермен байланыс кезінде азаматтарға мобильді қосымшаларды орнату, сілтемелер арқылы өту немесе "инвестиция", "аккаунтты іске қосу", "пайданы арттыру" деген желеумен үшінші тұлғалардың шоттарына ақша аудару ұсынылады.
Әдетте, ақша аударылғаннан кейін жалған брокерлер байланысын үзеді, ал уәде етілген пайда түспейді. Кейбір жағдайларда алаяқтар "салық", "комиссия" немесе "сақтандыру жарналары" төлеу қажеттігін алға тартып, қосымша қаражатты алдаумен жалғастырады.
Осыған байланысты ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтарды сақ болуға және келесі қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Кепіл етілген табыс туралы ұсыныстарға сенбеуге, белгісіз адамдарға және күмәнді шоттарға ақша аудармауға, күмәнді сілтемелерге өтпеу және тексерілмеген дереккөздерден қосымшалар орнатпауға, компаниялар туралы ақпаратты тек ресми дереккөздер мен мемлекеттік тізім арқылы тексеруге және инвестиция салуды жоспарлаған жағдайда нарықты мұқият зерттеп, тексерілген компаниялардың ресми кеңселеріне жүгінуге кеңес береді.
Егер сіз интернет-алаяқтықтың құрбаны болсаңыз немесе осындай фактілер туралы ақпарат білсеңіз, тұрғылықты жеріңіз бойынша ішкі істер органдарына немесе 102 нөміріне дереу хабарласуыңыз қажет.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі интернет-алаяқтыққа қарсы күрес жұмысын жалғастырып, азаматтарды интернет желісінде қаржылық операциялар жасау кезінде барынша сақ болуға үндейді.