Жоғары Сот Кеңесінің қызметі цифрландырылып жатыр
Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жыл цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осы бағытты іске асыру шеңберінде Жоғары Сот Кеңесі өз қызметін кезең-кезеңімен цифрлық трансформациялауды жүзеге асыруда.
Негізгі бағыттардың бірі – судьялар корпусын қалыптастыру процестерін автоматтандыруға және ашықтығын арттыруға арналған ақпараттық жүйені әзірлеу.
Кеңес Төрағасы Дмитрий Малахов бекіткен жол картасына сәйкес бүгінгі күні жүйенің үш функционалдық модулі әзірленіп, олардың тестілеуі, анықталған ескертулерді жою және қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстарды қалыптастыру жүргізілуде.
Болашақта жүйе біліктілік емтиханының кезеңдерінің ашықтығын, судьяларды іріктеу кезінде конкурстық рәсімдердің айқындылығын қамтамасыз етуге, материалдарды қарау мерзімдерін қысқартуға, сондай-ақ мемлекеттік, оның ішінде құқық қорғау органдарының базаларымен тиімді өзара іс-қимылды жолға қоюға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының инженерлік-техникалық орталығының қолдауымен Кеңесте ішкі бизнес-процестерді оңтайландыруға, басқарушылық тиімділікті арттыруға және құрылымаралық өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған Bitrix корпоративтік ақпараттық жүйесі енгізілді.
Ақпараттық қауіпсіздікке ерекше назар аударылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша IT-инфрақұрылымды және Кеңестің қызметтік ақпараттарын қорғау жөніндегі кешенді шаралар іске асырылып, киберқауіпсіздік және деректерге қол жеткізуді бақылау саласында заманауи шешімдер енгізілді.
Сонымен қатар, Кеңес Төрағасының бастамасымен Сот төрелігі академиясының базасында Astana IT University-пен бірлесіп, судьялар корпусының цифрлық сауаттылығын арттыруға және кибергигиенаны оқытуға бағытталған білім беру жобалары пысықталуда.
Жоғары Сот Кеңесінің кешенді цифрлық трансформациясы қоғамның сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға маңызды үлес болып табылады және цифрлық дәуір жағдайында ел басшылығы белгілеген басымдықтарға сәйкес келеді. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.