Облыс әкімі тұрғындарды өзекті мәселелері бойынша қабылдады
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласы тұрғындарын өзекті мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев, басқарма басшылары, «Отбасы банк» АҚ Абай облысы филиалының және «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері қатысты.
Қабылдау барысында көп балалы аналар тарапынан баспана мәселесіне қатысты сауалдар қойылды. «Отбасы банкіндегі» тұрғын үй кезегін жылжытуға, көп балалы аналарға бөлінетін тұрғын үй санын көбейтуге қатысты ұсыныстар айтылды. Қоғамдық көлік, жолдардың сапасына байланысты да сұрақтар болды.
Ашық форматта, үш сағатқа созылған кездесуде аймақ басшысы 50-ге жуық тұрғынның сауалына жауап берді. Көп балалы отбасыларға мемлекет тарапынан заң аясында тиісті көмек көрсетіліп жатқанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Қабылдауда «Отбасы банк» АҚ Абай облысы филиалы мен «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері тұрғындарға баспананың қалай берілетінін заңдық тұрғыда түсіндіріп, мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы толық ақпарат берді.
Аймақ басшысы кездесуде облыста ауылға көшкісі келетін азаматтарға арнайы, кешенді бағдарлама әзірленіп жатқанын, оның аясында бизнес жүргізуге, мал алуға «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2 жарым пайызбен несие берілетінін атап өтті.










