Сенат төрағасы: Парламенттің жаңа сапасы – Президент реформаларының маңызды кезеңі
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «Реформалардың мәні – 5: Ықпалды Парламент» атты жаңа мақаласында болашақ Парламенттің институционалдық келбетіне ерекше мән берілген. Парламенттік реформа –жай ғана форманың өзгеруі емес, бүкіл мемлекеттік билік жүйесінің негізгі тірек конструкцияларының бірін нығайту екені баса айтылады.
Автордың пікірінше, парламенттік реформаның сәтті болуы жаңартылған өкілді орган жұмысының тетіктері қаншалықты дәл құрылатынына байланысты.
Сенат Төрағасы атап өткендей, бірпалаталы Парламентке көшу жағдайында мықты комитеттер жүйесінің рөлі түбегейлі артады. Оның пікірінше, салалық комитеттер кәсіби сараптама мен саяси жауапкершілік орталықтарына айналуға тиіс. Олардың парламенттік тыңдаулар мен тексерулерден бастап, атқарушы биліктің қызметіне жүйелі бақылау жасауға дейінгі кеңейтілген өкілеттіктері болуы қажет.
Мәулен Әшімбаев болашақ Парламенттің өңірлердің мүддесін ескеретін функциясын сақтау мен күшейтуді жаңа архитектураның маңызды элементі ретінде қарастырады. Осыған байланысты Парламент жанынан Өңірлер кеңесін құру ұсынылады. Бұл кеңес мәслихаттар, қоғамдық құрылымдар және ұлттық заң шығарушы орган арасындағы тікелей әрі жүйелі байланысты қамтамасыз етпек.
Парламенттік реформаның логикасы туралы айта келе, Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы ұсынған жоғары өкілді органды бәсекелестікке негізделген пропорционалды негізде қалыптастыруға көшу елдің бүкіл саяси жүйесіндегі кешенді өзгерістерге жол ашатынын атап өтті.