Сенат төрағасы: Президенттің парламенттік реформасы цифрлық демократияның озық үлгісі болуға тиіс
Өкілді билікті цифрлық трансформациялау – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың толық цифрлық мемлекет құруға арналған стратегиялық бағдарының ажырамас бөлігі. Бұл туралы Сенат Төрағасының парламенттік реформа және еліміздің саяси институттарының болашағы туралы «Реформалардың мәні – 5: Ықпалды Парламент» атты жаңа мақаласында айтылды.
Мәулен Әшімбаев жаңарған Парламент Мемлекет басшысының стратегиялық ұстанымы мен технологиялық дәуірдің сын-қатерлеріне сәйкес келетінін және Әділетті Қазақстанның жаңа келбетінің басты элементі әрі цифрлық демократияның үлгісі болуға тиіс екенін атап өтті.
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, цифрлық платформалар мен талдау құралдарын пайдалану жаңа Парламентке қоғаммен тұрақты пікірлесу тұрғысында тың мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ ауқымды деректерді талдау және қабылданатын шешімдердің салдарын бағамдау арқылы заң шығару сапасын арттырады.