Өңірде «Халық бухгалтері» акциясы бастау алды
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бастамасымен 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап еліміздің барлық өңірлерінде жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне арналған «Халық бухгалтері» акциясы басталды және ол 30 маусымға дейін жалғасады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы бойынша МКД түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Әсем Тұрлыбекова баяндады.
2026 жылғы қаңтар–ақпан айларында консультациялар аптасына үш рет, дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін, ал наурыз айынан бастап аптасына екі рет өткізіледі.
«Халық бухгалтері» акциясы салық төлеушілермен жұмыс істеуде бақылау моделінен сервистік сүйемелдеуге көшу жолындағы маңызды қадам. Алдағы уақытта құқық бұзушылықтардың алдын алуға және консультациялық қолдаудың сапасын арттыруға бағытталған қосымша шаралар іске асырылатын болады. Айта кету керек, акция басталғалы бері 488 салық төлеушіге көмек көрсетіліп, 783 сұраққа жауап берілді, бұл аталған бастаманың өзектілігі мен сұранысқа ие екенін көрсетеді.