Қазақстан әуежайларында әуе керосин бағасы төмендеуде
Мемлекет басшысының халықаралық әуехабтарды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, әуе керосин жеткізілімдерінің ашықтығын, тұрақтылығын және қолжетімді бағасын қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылы ұлттық компания «ҚазМұнайГаз – Аэро» Алматы және Астана қалаларындағы ірі әуежайларда әуе компанияларын тікелей, яғни «қанатқа құю» тәсілімен жанармаймен қамтамасыз етуді бастады.
Көлік министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, «ҚазМұнайГаз – Аэро» компаниясының әуежай инфрақұрылымына, оның ішінде өңірлік әуежайларға тікелей қолжетімділігін қамтамасыз етті.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстан әуежайларында әуе керосинді өткізу бағасы бір тоннасына 1000 АҚШ долларына дейін төмендетілді. Жаңартылған баға бойынша Turkish Airlines, Fly Dubai, Air Cairo, Somon Air, AJet, Pegasus Airlines, Red Sea Airlines, One Air, Hungary Airlines, Fly Meta әуе компаниялары жанармаймен қамтамасыз етілді.
«ҚазМұнайГаз – Аэро» делдалдарсыз әуе компанияларына тікелей жанармай құю көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Осыған байланысты әуе керосин бағасының кезең-кезеңімен одан әрі төмендеуі күтіледі.
Қазіргі уақытта қазақстандық әуе компаниялары қызмет көрсететін көршілес мемлекеттерде әуе керосин бағасы бір тоннасына 1200–1300 АҚШ доллары аралығында.
Сонымен қатар, Қазақстанның 17 әуежайында рейстер саны мен бағыттарға қойылатын шектеулерді алып тастайтын «ашық аспан» режимі қолданылады. Бұл режим шетелдік әуе компанияларына әуе еркіндігінің бесінші дәрежесін пайдалана отырып, Қазақстан Республикасына және оның аумағы арқылы ұшуларды орындау құқығын береді.
Аталған шаралар авиация саласында өңірлік көшбасшылықты нығайтуға және елдің транзиттік әлеуетін дамытуға ықпал етеді.