Cемей-18°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
512.16 594.72 6.57

Мемлекет басшысы Жұмыс тобымен бірге конституциялық реформаға қатысты негізгі тәсілдерді талқылады

Бүгін, 13:10 Думан Кенжеғазыұлы

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.

Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президентке Жұмыс тобының атқарған қызметі туралы баяндап, Парламентті трансформациялауға қатысты ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің көлемі ауқымды екеніне назар аударды. Мемлекеттік кеңесші Жұмыс тобы мүшелерінің ортақ пікірін жеткізіп, бұл өзгерістер саяси жүйені уақыт талабына сай жаңғыртуға ықпал ететінін айтты.

Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев азаматтардан келіп түскен ұсыныстар негізінде Конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобы мүшелері әзірлеген басты тәсілдер туралы баяндады. Атап айтқанда, былтырғы қазан айынан бері өтіп келе жатқан отырыстарда жаңа Парламентке қатысты мәселелердің бәрі қаралды. Оның ішінде депутаттар саны, өкілеттік мерзімдері, сайлау тәртібі, бір палаталы Парламенттің заң шығару тетіктері, сондай-ақ оның биліктің өзге институттарымен өзара іс-қимыл мәселелері қамтылды.

Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан азаматтардан, сарапшылардан, қоғамдық бірлестіктерден e-Otinish және eGov платформалары арқылы келіп түскен ұсыныстар туралы ақпарат берді. Бірнеше ай ішінде саяси партиялардың барлығы, ондаған үкіметтік емес ұйым, бизнес-қоғамдастық өкілдері, құқықтанушы ғалымдар мен сарапшылар конституциялық реформаға қатысты өз бастамаларын жолдаған. Парламенттік реформадан бөлек, Жұмыс тобына азаматтардан мемлекеттік құрылымның жалпы мәселелері мен саяси және қоғамдық институттарды жетілдіруге қатысты 1,6 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті.

Парламент Мәжілісіндегі «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев және «Ақ жол» партиясының көшбасшысы Азат Перуашев, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» фракциясының басшысы Асхат Рахымжанов парламенттік реформа аясында жүзеге асырылатын конституциялық өзгерістердің ауқымды екенін мәлімдеді. Олар өңірлерде Парламент депутаттарының жұмыс кездесулері барысында азаматтардың алдағы саяси реформаға айрықша қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ жиында Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров, Парламент Мәжілісінің депутаттары Үнзила Шапақ, Марат Бәшімов, Никита Шаталов, саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов пікірлерін білдірді.

Отырысты қорытындылаған Мемлекет басшысы алдағы конституциялық реформаны талқылау басталғалы бері жарты жылға жуық уақыт өткенін еске салды. Осы кезең ішінде қоғамда елдің жоғары заң шығарушы органын трансформациялаудың мақсаттары мен міндеттеріне қатысты дұрыс түсінік қалыптасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы халыққа арнаған Жолдауынан кейін өрбіген қоғамдық пікірталастарды мұқият қадағалап отырғанын жеткізді. Мемлекет басшысы талқылау нәтижесін, сараптама қорытындыларын, ұсынылған түзетулердің жобаларын, сондай-ақ конституциялық реформаға қатысты азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды егжей-тегжейлі зерделеуде.

Саяси жүйені одан әрі реформалаудың маңызы мен мазмұнына тоқталған Президент институционалдық негізді терең жаңғырту және заң шығарушы билік тармағын жүйелі түрде қайта форматтау қажет екенін айтты.

– Ертең Ұлттық құрылтай отырысында мен еліміздің тағдырына қатысты бұл мәселе бойынша нақты пікірлерімді айтамын. Нақтылай айтқанда, еліміздің сапалық тұрғыдан мүлдем жаңа саяси тұрпаты қалыптасып жатыр. Парламенттік реформаны жүзеге асыру үшін Конституцияның бірден бірнеше бөлімін қайта қарау қажет болады. Сондықтан Ата заңымызға осыған дейін енгізілген өзгертулерді ескерсек, Жұмыс тобы ұсынып отырған түзетулер жобасы Қазақстанның шын мәнінде жаңа Конституциясы туралы айтуға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив