Cемей-18°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
512.16 594.72 6.57

Сенат Төрағасы Талдау мектебінің тыңдаушыларына «ЖИ дәуіріндегі мемлекеттік басқару және талдау» тақырыбында дәріс оқыды

Бүгін, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Астанада Талдау мектебінің бесінші легінің дәрістері басталды. Жобаға қатысуға 1000-нан астам өтінім келіп түскен болатын. Конкурстық іріктеуден 71 қатысушы өтті, яғни бір орынға 14 адам үміткер болды. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа кезеңнің алғашқы дәрісінде цифрлық технологиялар дәуіріндегі талдау жұмысының тұжырымдамалық қырлары туралы айтты.

Палата Спикері қатысушыларға ілтипат білдіре келе, ел өміріндегі процестерді терең талдауды және мемлекеттің дамуына елеулі үлес қосуды көздейтін қоғамдастықтың қалыптасуы Сенаттың бес жыл бойы түрлі саладағы сарапшылармен жүйелі өзара іс-қимылының нәтижесі екенін атап өтті. Бұл ретте сөз заң шығару бағытында бірлесіп жұмыс істеу, өңірлік жобаларды әзірлеу және іске асыру туралы болып отырғанын айта кеткен абзал.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Сенат жанындағы Талдау мектебі мен Сарапшылар клубы жас мамандардың аналитикалық қабілеті мен цифрлық мүмкіндіктерін кешенді түрде жетілдіруге және олардың бойына жасампаз құндылықтарды сіңіруге ықпал ететінін тілге тиек етті. Мұндай қадам мемлекеттік басқаруды өзгертуге, оны одан әрі икемді, заманауи және инновациялық етуге мүмкіндік береді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аналитикалық қабілеттері жоғары және тың тәсілдерді меңгерген мамандардың жаңа толқынын даярлаудың маңызды екенін үнемі айтып келеді. Қазір кез келген шешім көптеген факторды ескеруді талап етеді. Ал, аналитика басқару жүйесіндегі стратегиялық маңызды тетікке айналуда. Бұл ретте талдау қабілеті мен заманауи цифрлық мүмкіндіктердің үйлесімі де аса маңызды. Талдау мектебі – осы бағыттағы мақсат-міндеттерді іске асыруға қосқан біздің нақты үлесіміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы «ЖИ дәуіріндегі мемлекеттік басқару және талдау» тақырыбы бойынша дәрісі кезінде кәсіби кейстерге тоқталып, өзінің кеңестерімен бөлісті. Сондай-ақ аналитиктердің отандық және әлемдік тәжірибесінде қолданылатын трендтер мен пайдалы тетіктерге, үлкен деректермен жұмыс істеу әдістеріне назар аударды. Палата Спикері әлемде болып жатқан процестердің өзара байланысына, олардың зерттеу кезінде ескерілуге тиіс екеніне де ерекше мән берді. Бұл тәсіл ахуалды болжауға, өткен тәжірибелерден сабақ алуға немесе ұсыныстар жасау және шешім қабылдау кезінде белгілі бір факторларды алып тастауға қатысты екенін атап өткен жөн.

Мектептің биылғы дәрістер бағдарламасы «SMART GOVERNANCE: тиімді басқару қажетті деректер, аналитика және жасанды интеллект» тақырыбы аясында әзірленген. Соның барысында 7 негізгі бағыт бойынша баяндамалар дайындалады. Олар: «Урбанистика, болашақ қалалар және өңірлік даму», «Энергетика және орнықты инфрақұрылым» «Экология және климаттық саясат» «Агроөнеркәсіп және ауылдық жерлердің орнықты дамуы» «Инклюзивтілік және әлеуметтік саясат», «Білім және адам капиталы», «Проактивті мемлекеттік басқару». Топтар командамен жұмыс тәсілдерін дамыта отырып, аналитикалық жобалармен жұмыс істейді. Сондай-ақ аналитикалық материалдар әзірлеу және шешім қабылдау дағдыларын жетілдіреді.

Сонымен қатар тәлімгерлермен командалық жұмыс талдаушылар үшін кәсіби нетворкинг бағытындағы ерекшелік болмақ. Менторлардың қатарында өз салаларындағы жетекші мамандар – мемлекеттік құрылымдардың, ғылыми және халықаралық ұйымдардың өкілдері, қазақстандық және шетелдік сарапшылар, сондай-ақ, оқыту модульдерінің әр бағыты бойынша тиісті орталық мемлекеттік органдардың басшылары бар. Олардың бәрі тәлімгерлікке волонтерлік негізде тартылады.

Соған сәйкес алғашқы күнде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, мінез-құлық ғылымдары және деректерді талдау саласының маманы, Smart-жүйелерді цифрландыру және дамыту бағытында әлем мойындаған сарапшы, Сингапурдан келген доктор Рубен Энг, сондай-ақ, стратегиялық және дағдарыстық коммуникациялар жөніндегі сарапшы, модератор, командалық білім беру және бағдарды түсіну жөнінде стратегиялық сессия өткізген Ербол Исмаилов дәріс оқыды.

Бесінші кезеңдегі оқыту бағдарламасы сегіз аптаға жалғасады. Соның қорытындысы бойынша аналитикалық материалдар жинағы жарық көреді. Ұсынымдар жинақталған бұл қорытынды құжат Парламент депутаттарына және тиісті мемлекеттік органдарға алдағы қызметде назарға алу үшін жолданады.

Сарапшылардың бұған дейінгі кезеңдердегі және жаңа бесінші лек кезіндегі бейне дәрістерін Талдау мектебінің ресми YouTube-арнасынан көруге болады – https://www.youtube.com/@SchoolofAnalytics.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив