Cемей-21°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
509.63 592.34 6.54

Сенат депутаттары Палата отырысының күн тәртібін бекітті

Бүгін, 16:41 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 22 қаңтарда өтетін Сенат отырысының күн тәртібін белгіледі.

Соған сәйкес алдағы бейсенбіде «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралады. Бұл заңның нормалары көші-қон процестерін басқаруды және заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы екіжақты ынтымақтастық үшін құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді.

Заңның негізгі міндеттерінің қатарына Тараптар мемлекеттерінің аумағына заңсыз кірген, жүрген не тұратын адамдарды қайтарудың тиімді, реттелген және өзара пайдалы тетігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, көші-қон режимдерін теріс пайдаланудың алдын алу жатады.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылды. Келісімді ратификациялау Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметінің арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді және екі ел азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарын қамтамасыз етеді. Нақты айтқанда, осы келісім арқылы азаматтарға ынтымақты зейнетақы тағайындау бөлігіндегі қатынастар реттеледі және әскери қызмет, жоғары және орта арнаулы білім беру ұйымдарында оқу кезеңдеріндегі еңбек өтілін өзара есепке алу көзделеді.

Сонымен қатар сенаторлар бұған дейін Мәжіліс қабылдаған заңдарды жұмыс үшін Палатаның тұрақты Комитеттеріне бөліп берді және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында жоспарланған алдағы іс-шараларды пысықтады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив