Көкпекті ауданында Еңбек күні атап өтілді
Қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Қазақстанда дәстүрлі түрде Еңбек күні аталып өтеді. Бұл мереке 2013 жылғы қараша айында Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітіліп, қоғамда адал еңбектің беделін арттыруға бағытталған маңызды күндердің біріне айналды. Еңбек күнін атап өтудегі басты мақсат – маңдай терімен ел дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсету, олардың қоғамдағы рөлін айқындау және жас ұрпаққа еңбектің қадір-қасиетін ерте жастан ұғындыру.
Осы атаулы мерекеге орай Көкпекті ауданында салтанатты шара ұйымдастырылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз еңбегімен елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Шара барысында түрлі салада тынымсыз еңбек етіп жүрген механизаторлар, ауыл шаруашылығы қызметкерлері, өндіріс пен қызмет көрсету саласының мамандары, сондай-ақ көп жылдық адал еңбегімен ел алғысына бөленген еңбек ардагерлері арнайы марапаттарға ие болды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Аслан Танысбаев еңбек адамы – қоғамның берік тірегі әрі тұрақты дамудың басты қозғаушы күші екенін атап өтті. Ол өз сөзінде ауданның бүгінгі жетістіктері мен алдағы жоспарларының барлығы қарапайым еңбек адамдарының табанды еңбегімен тікелей байланысты екенін айтып, марапат иелеріне алғыс білдірді.
– Еңбек – елдің еңсесін тіктейтін басты құндылық. Қай салада болмасын адал еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегі әрдайым лайықты бағалануы тиіс. Сіздердің күнделікті қажырлы жұмыстарыңыз – ауданымыздың өсіп-өркендеуінің кепілі, – деді ол.
Мерекелік шара К. Алтынбаев атындағы Мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Өнер ұжымдары дайындаған әсем әндер мен би қойылымдары көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, еңбек адамдарына деген зор құрметтің айқын көрінісіне айналды.
Еңбек күніне арналған бұл салтанатты жиын – қарапайым еңбек адамын ұлықтап, қоғамда еңбектің абыройын арттыруға бағытталған игі дәстүрдің жарқын үлгісі болды.







