Көкпекті ауданында жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер кәсіпкерлерге түсіндірілді
Көкпекті ауданында кәсіпкерлік субъектілеріне арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Осы бағытта Көкпекті ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы Тассай ауылында «Жаңа Салық кодексіндегі жалпы өзгерістер» тақырыбында семинар ұйымдастырды.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – ауыл кәсіпкерлерін жаңа Салық кодексіне енгізілген басты өзгерістермен таныстыру, салық заңнамасындағы жаңашылдықтарды түсіндіру, сондай-ақ заңнамалық түзетулерге байланысты туындаған сұрақтарға нақты жауап беру болды. Семинар ауылдық жерлердегі кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және салықтық міндеттемелерді дұрыс орындауға бағытталды.
Семинар барысында Көкпекті ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы У.А. Тайгулов сөз сөйлеп, кәсіпкерлер үшін қолданылатын салық режимдеріндегі өзгерістерге, есептілік тапсыру тәртібіне, салық салу саласындағы өзге де өзекті мәселелерге жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған жеңілдіктер мен жаңа талаптар туралы да кеңінен ақпарат берілді.
Кездесу интерактивті форматта өтіп, қатысушылар тарапынан белсенділік жоғары болды. Семинар соңында кәсіпкерлер салық заңнамасына қатысты өздерін толғандырған сауалдарын қойып, сала мамандарынан толыққанды әрі нақты жауаптар алды.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру шаралары алдағы уақытта да жалғасып, кәсіпкерлердің жаңа Салық кодексіне бейімделуіне және заң талаптарын сақтай отырып жұмыс жүргізуіне оң ықпалын тигізеді.