Көкпектіде жазба ақындар мүшәйрасы өтті
Жылдағы дәстүр бойынша Көкпекті ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тілім барда қазақпын, тілім барда азатпын» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасын ұйымдастырды. Аталған шара аудан тұрғындарының шығармашылық әлеуетін арттыру, тілге деген құрметті қалыптастыру және жас таланттарды таныту мақсатында өткізіледі.
Мүшәйраға ауданымызда тұратын 18 жастан жоғары ақындар қатысты. Байқау үш кезең бойынша өтті:
-
І кезең: Қатысушылар Қазақстан халқы тілдері күніне арналған арнау өлеңдерін оқыды;
-
ІІ кезең: Туған жері – Көкпекті туралы шығармаларын көпшілікке ұсынды;
-
ІІІ кезең: Суырып салмалық қабілетті дамытуға арналды. Қатысушылар әділқазылардың берген тақырыбы бойынша небәрі 8–10 минут ішінде жаңа өлең жазып, оны көпшілік назарына жеткізді.
Ақындардың өнерін бағалау кезінде сөз қолданысы, ұйқас үйлесімі, дауыс мәнері, сахна мәдениеті, тіл тазалығы, авторлық ерекшелік және бұрын жарияланбаған туынды болуы басты критерий ретінде алынды.
Мүшәйраның нәтижелері келесідей анықталды:
🏆 Бас жүлде – Қылышбек Нүрпейісов
🥇 І орын – Мұратқазы Бекішов
🥈 ІІ орын – Архат Қабден
🥉 ІІІ орын – Әмір Слямов
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан мадақтама, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар, шарада ұрпақ сабақтастығын нығайту мақсатында Ж. Шайжүнісов атындағы орта мектептің жас ақындары қонақ ретінде шақырылып, өз шығармаларын оқыды. Олардың өнері көрерменнің зор қошеметіне бөленіп, жас таланттарды қолдау дәстүрі жалғасып келе жатқанын көрсетті.
Бұл мүшәйра аудандық деңгейде тіл мен әдебиеттің дамуына, жас өрендердің шығармашылық қабілеттерін шыңдауға және ұлттық рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.