Cемей-19°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-16°С
  • Ақсуат-17°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-16°С
  • Курчатов-13°С
  • Көкпекті-17°С
  • Үржар-8°С
501.02 597.27 6.59

Көкпектіде тұңғыш рет «Фреш мода» сәндік көрсетілімі өтті

1-10-2025, 13:47 018.kz

2025 жылдың 30 қыркүйегінде Көкпекті аудандық Мәдениет үйінің би залында тарихта тұңғыш рет ерекше мәдени оқиға өтті – көпбалалы ана, шебер тігінші, қолөнер иесі әрі талантты дизайнер Айгерім Қилыбаева дайындаған «Фреш мода» сәндік коллекциясының көрсетілімі ұйымдастырылды.

Ауданымызда мұндай форматтағы кеш алғаш рет өткізіліп отыр. Көрермендер мен ұйымдастырушылардың жүрегін тебіренткен әсерді сөзбен жеткізу қиын – залдағы атмосфера барлық табиғат бояулары бір арнаға тоғысқандай ерекше шабыт пен қуаныш сыйлады.

Осы кештің бастамашысы – «Асыл ана» аналар қоғамдық бірлестігінің төрайымы, аудандық мәслихат депутаты, көпбалалы ана Асыл Төлешова. Ол екі жыл бойы бұл ойды жүзеге асыруға талпынып, аудан халқына сұлулық пен шабыт сыйлауды, сондай-ақ талантты шеберді қолдауды мақсат етті. Оның табандылығы мен бастамашылдығы, сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Таныспаев Аслан Балабекұлының қолдауының арқасында арман ақиқатқа айналды.

Бұл сән кеші ауданымыздың жаңа мәдени брендіне айналды деуге толық негіз бар. Көрсетілімде Айгерім Ғалымжанқызының қолынан шыққан бірегей туындылар көрермен назарына ұсынылды. Көрсетілімде ұсынылған кейбір туындылар:

  • Халықаралық байқауларда бірнеше мәрте жүлдегер атанған «Балауса» би ұжымының сахналық костюмдері;

  • Республикалық байқаулардың жеңімпаздары – «Кәусәр» жетыгеншілер ансамблі мен «Асыл ана» аналар ансамблінің киімдері;

  • Қазақ, орыс, үнді және ұйғыр ұлттық киім үлгілері;

  • «Не малявка», «Candy Man», «Барби», «Теңізші» билеріне арналған жарқын костюмдер;

  • Тана мырзаның зайыбының тарихи бейнесін және мергендердің образын көрсететін киімдер;

  • «Ана мен қыз» жұптық образдары;

  • Күнделікті көйлектер, кешкі сәнді көйлектер мен қатаң классикалық костюмдер.

Әрбір костюм Айгерімнің өз қолымен, махаббатпен және төзіммен тігілгендігі көрермендерді ерекше таңғалдырды.

Кештің сәнін ашқан жандардың бірі – дизайнер-оформитель Әсем Танысбаева. Оның нәзік талғамы мен үйлесімге деген сезімталдығының арқасында зал ерекше әсемдікке бөленіп, мерекелік рухқа толы болды. Ал дефиле көрсетілімінің сәтті өтуіне үлес қосқан – Мәдениет үйінің хореографы, көрсетілім жетекшісі Оспанова Нарқыз Елубекқызы. Оның кәсібилігі мен шығармашылық көзқарасы нәтижесінде әуесқой модельдер үлкен сахнаның кәсіби сәнгерлеріндей сенімділікпен және әсемдікпен шықты.

Подиумға шыққан модельдер Нарқыз Елубекқызының жетекшілігімен шеберлік танытып, залды ду қол шапалаққа бөледі.

Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Аслан Балабекұлы Танысбаев құттықтау сөз сөйлеп, дизайнерді аудан басшылығының атынан алғыс хатпен марапаттады.

Бұл кеш – Көкпекті жерінде нағыз өнер мен еңбектің, арман мен шабыттың тоғысқанын көрсетті. Айгерім Қилыбаева – Көкпектің мақтанышы, біздің жергілікті брендіміз. Оның еңбегі алдағы уақытта жаңа биіктерді бағындырып, өз ательесін ашуға, жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашады.

Көкпекті төрінде өткен бұл сән көрсетілімі – жай ғана киімдер шеруі емес, ол өнердің, ұлттық дәстүрдің, ана махаббаты мен еңбектің тоғысқан ғажайып мерекесі болды. Айгерім Қилыбаева – өз қолымен жаңа тарих жазып отырған шебер. Бүгінгі Көкпектінің сахнасында жарқыраған оның есімі ертең республикалық деңгейдегі сән сахналарында да естілетініне сенеміз.

Клара САҒДОЛДАҚЫЗЫ

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив