Сенаторлар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы зейнетақы саласындағы келісімді қарауда
Парламент Сенатында Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң қаралды.
Жиын барысында аталған Келісім екі ел азаматтарын зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталғаны атап өтілді. Құжат ынтымақты зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтілін, соның ішінде әскери қызмет кезеңдерін, сондай-ақ жоғары және орта арнаулы оқу орындарында білім алған уақытты өзара тануды қарастырады.
«Бұл Заңның қабылдануы Қазақстан мен Моңғолия азаматтарының зейнетақы құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ еңбек өтілін өзара тану мүмкіндіктерін кеңейтіп, басқа мемлекеттің аумағына көшіп барған немесе сонда тұрып жатқан жағдайда зейнетақы төлемдерін алу үшін құқықтық жағдай жасайды. Бұл азаматтардың әлеуметтік қорғалуын нығайтудағы және екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам», - деп атап өтті Амангелді Есбай.
Талқылауға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктерінің өкілдері қатысты.
Отырыс қорытындысы бойынша Комитет Заңды қолдауды және оны Сенаттың жалпы отырысының қарауына енгізуді ұсынды.