Абай облысында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде
Абай облысында 5 қазан мен 5 қараша аралығында республикалық «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оның мақсаты – әкімшілік учаскелердегі проблемалық мәселелерді анықтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Мейрбек Нурекенов хабарлады.
Мейрбек Нурекеновтің айтуынша, іс-шара аясында проблемалық тұрғын үйлер, жалға берілетін пәтерлер, саяжай алқаптары мен қараусыз қалған нысандар тексерілуде. Сонымен қатар шаруа және фермер қожалықтары, шалғайдағы мал жайылымдары мен басқа да алыс орналасқан орындар қамтылған. Тексерулердің мақсаты – көші-қон заңнамасын бұзу, азаматтарды еңбекке заңсыз пайдалану, қару-жарақ пен өзге де тыйым салынған заттарды заңсыз сақтау фактілерін анықтау.
Профилактикалық іс-шараға 500-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылған. Қазіргі уақытта 2 971 проблемалық мекенжай анықталып, оның 1 511-і тексерілді. Сондай-ақ 1 312 мекенжайдың паспорты жасалып, олар бойынша жоспарланған іс-шаралардың 1 257-сі іске асырылды.
– Проблемалық тұрғын үйлерді аралау бойынша 6 178 іс-шара өткізілді. Оның ішінде 1 641 пәтер, 1 999 жеке тұрғын үй, 109 жалға берілетін пәтер, 1 084 саяжай үйі, 876 шаруа қожалығы және 469 қараусыз қалған нысан тексерілді. Нәтижесінде сегіз жалға берілетін пәтер анықталып, жедел қызығушылық тудыратын сегіз дерек тіркелді, – деді Мейрбек Нурекенов.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрғылықты жері бойынша профилактикалық есепте тұрған 6 923 адам тексерілді. Олардың қатарында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, әкімшілік қадағалауда тұрғандар, соттылығы бар адамдар, пробация қызметінің есебінде тұрғандар және қолайсыз отбасылар бар.
Сонымен қатар мүдделі жергілікті және мемлекеттік органдардың қатысуымен халықпен 300 есептік кездесу өткізілді. Кездесулерге 4 882 адам қатысты.
Азаматтардың ұсыныстары мен өтініштерін қабылдау үшін облыс бойынша 4 мыңнан астам QR-код орналастырылған. Тұрғындар осы кодтар арқылы өздерін толғандырған мәселелерді жолдап, жедел жауап ала алады.
– QR-кодтар мен жергілікті қауымдастықтардың чаттары арқылы азаматтардан 150 ұсыныс түсті. Барлық ұсыныс бойынша тиісті ден қою шаралары қабылданды, – деп атап өтті спикер.
Іс-шара барысында азаматтық қару иелерінің 1 506-сы тексерілді. Нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 484-бабы бойынша екі құқық бұзушылық, ал 486-бабы бойынша қаруды тіркеу мерзімдерін бұзудың 13 фактісі анықталды.
Сондай-ақ 52 кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды. Оның үшеуі алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін, тағы үшеуі заңды өкілдерінсіз ойын-сауық орындарында жүргені үшін анықталды. Қалған 46 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Бұдан бөлек, қоғамдық қауіпсіздік бөлімшелерінің қызметкерлері 24 маңызды ақпарат анықтап, есірткі жарнамасы бар граффитидің 112 дерегін тіркеді. Тұрақты тұрғылықты жері жоқ 44 адам ұсталды.