Жол сапасы – стратегиялық міндет
Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы елдегі жол инфрақұрылымын дамыту мәселесіне арнайы тоқталып, автожолдардың сапасы мен оларды күтіп-ұстауға деген жауапкершілікті күшейту қажеттігін атап өтті. Президент жол саласында тек көлемге емес, ең алдымен сапаға басымдық беру, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету және қоғамдық бақылауды күшейту керектігін қадап айтты.
Осы бағытта жол саласы мамандары мен салалық ұйымдардың рөлі ерекше. Атап айтқанда, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын бақылап отырған Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Президент көтерген міндеттерді іске асырудағы негізгі институттардың бірі саналады.
Жол саласының маманының айтуынша, Құрылтайда айтылған талаптар саладағы нақты ахуалмен тікелей байланысты.
Оның сөзінше, Абай облысында соңғы жылдары республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеу жұмыстары қарқын алған. Семей қаласын аудан орталықтарымен байланыстыратын негізгі бағыттарда жөндеу жүргізіліп, бірқатар жол учаскелерінде сапа көрсеткіштері жақсарған. Алайда кейбір ауылішілік және ауданаралық жолдарда әлі де тозу деңгейі жоғары.
Сарапшы Президенттің жол саласындағы ашықтық пен жауапкершілікке қатысты пікіріне де тоқталды. Оның айтуынша, жол құрылысына бөлінген қаражаттың тиімді игерілуі тек мердігерге емес, бақылаушы ұйымдар мен сала мамандарына да үлкен жауапкершілік жүктейді.
Қорытындылай келе, V Ұлттық құрылтайда көтерілген жол инфрақұрылымын дамыту мәселелері Абай облысы үшін де өзекті. Жол активтері сапасының ұлттық орталығының қатысуымен жүргізілетін жүйелі бақылау, білікті мамандар мен заманауи технологияларды қолдану – сапалы әрі қауіпсіз жолдардың кепілі болмақ.