Сенаторлар ет және ет өнімдерін өндіру мен өткізу мәселелерін талқылады
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары «Мал шаруашылығын дамыту перспективалары және ет пен ет өнімдерін өндіру мен сату мәселелері» тақырыбында кеңейтілген отырыс өткізді. Комитет төрағасы Әли Бектаев өз сөзінде мал шаруашылығы саласының қазіргі жай-күйі мен негізгі сын-қатерлеріне тоқталып, мемлекеттік қолдаудың оң нәтижелерін де, саладағы қордаланған жүйелі мәселелерді де атап өтті.
«Мал шаруашылығы - агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі салаларының бірі. Ол елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ауыл халқының табысын арттыруда және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуында стратегиялық маңызға ие. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдаудың арқасында мал басының артуы байқалғанымен, салада әлі де бірқатар жүйелі мәселе бар. Олардың қатарында өнімділіктің төмендігі, асыл тұқымды мал үлесінің аздығы, жайылымдардың тапшылығы мен тозуы, жем-шөп базасының әлсіздігі, судың, инфрақұрылымның және ауылдық жерлердегі мамандардың жетіспеушілігі бар», - деп атап өтті Әли Бектаев.
Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі мал шаруашылығындағы оң серпін туралы айтып берді: жалпы өнім мен мал басының өсуі, ет, сүт және жұмыртқа өндірісінің артуы, сондай-ақ сиыр және қой еті экспортының айтарлықтай ұлғайғанын тілге тиек етті. Ол салаға көрсетілетін мемлекеттік қолдау нақты нәтижеге бағытталғанын атап өтті: субсидиялау ережелері жаңартылып, жеңілдетілген несие құралдары кеңейтілді, өңдеу саласын дамыту, ветеринариялық қауіпсіздік және цифрландыру бойынша пилоттық жобалар мен шаралар іске асырылуда. Сонымен қатар ішкі нарық қорғалып, мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленуде.
Өз кезегінде Сауда және интеграция министрлігінің өкілі 2026 жылдың басында ет өнімдерінің негізгі түрлеріне баға тұрақты екенін хабарлады. Ал 2025 жылғы баға өсімі өндіріс шығындарының артуымен және экспорттық тартымдылықпен байланысты болған. Бағаны тежеу және ішкі нарықты қорғау үшін ведомство әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесін кеңейтіп, сауда үстемелеріне бақылауды күшейтті, заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдатты. Сондай-ақ экспорттық шектеулер қолданылып, фермерлерден сауда желілеріне делдалсыз ет жеткізу тізбегі дамытылуда.
Іс-шараға Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Аграрлық несие корпорациясының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.