Cемей-22°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-16°С
  • Ақсуат-17°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-16°С
  • Курчатов-13°С
  • Көкпекті-17°С
  • Үржар-8°С
505.71 591.43 6.65

Сенат Төрағасы: Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанның жаңа конституциялық моделін ұсынды

Бүгін, 15:23 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы белгілеп берген басымдықтарды іске асыру барысын талқылап, күн тәртібіне шығарылған халықаралық келісімдерді ратификациялады.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Әділетті Қазақстанның жаңа конституциялық моделін айқындап берді. Елдің болашағына ықпал ететін реформаларды сапалы іске асыру және заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету кешенді тәсілді, барлық мүдделі тараптың жүйелі әрі сындарлы өзара іс-қимылын, соның ішінде тиісті заңдарды уақтылы қабылдауды қажет етеді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында еліміздің саяси жүйесін одан әрі дамытуға арналған маңызды бастамаларды ұсынып, алдағы бағыт-бағдарды айқындап берді. Конституциялық және парламенттік реформаға қатысты нақты ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы болашақ Парламенттің атауы, құрылымы және өкілеттігі бойынша пікір білдірді. Сондай-ақ қоғамдық-саяси және мемлекеттік институттарды реформалауды көздейтін ұсыныстарын жариялады. Олардың қатарында Халық Кеңесі және Вице-Президент сияқты жаңа институттар бар. Осылайша, Ұлттық құрылтайда Әділетті Қазақстанның жаңа конституциялық моделі айқындалды деп айтуға толық негіз бар. Мемлекет басшысы конституциялық реформа арқылы мемлекеттіліктің жаңа келбетін белгілеп берді. Алдағы уақытта Сенат депутаттары барлық мүдделі тараппен бірлесіп, Президентіміздің бастамаларын іске асыруды заңнамалық тұрғыда уақтылы әрі сапалы қамтамасыз ету бағытындағы жұмысын жалғастыра береді», – деді Сенат Төрағасы.

Палата отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Талқылау кезінде аталған Келісімді іске асыру, Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін мен халықаралық ынтымақтастық қағидаттарына сай келетін тұрақты, қауіпсіз және сындарлы көші-қон жүйесін қалыптастыруға ықпал ететіні айтылды.

«Қаралған келісім екі ел арасындағы заңсыз көші-қонға қарсы шаралар қабылдау мақсатымен әзірленген. Осы құжат арқылы реадмиссияның құқықтық негіздері мен шарттары айқындалып отыр. Келісімді ратификациялау тараптардың құзыретті органдарының көші-қон саласындағы ынтымақтастығын арттыруды көздейді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады.

«Мақұлданған заң Қазақстан мен Моңғолияның зейнетақы саласындағы ынтымақтастығын дамытуды көздейді. Атап айтқанда, азаматтарымызға бір елден екінші елге көшкенде зейнетақы төлемдерін тағайындау және төлеу, еңбек өтілін тану бөлігінде құзыретті органдардың ақпарат алмасу тетіктері қарастырылды. Жалпы, бұл келісімнің жүзеге асырылуы елдеріміздің достыққа негізделген қарым-қатынастарын және азаматтардың әлеуметтік кепілдіктері мен құқықтарын нығайтуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Келісім азаматтарға ынтымақты зейнетақы тағайындау бөлігіндегі қатынастарды реттейді және әскери қызмет, жоғары және орта арнаулы білім беру ұйымдарында оқу кезеңдеріндегі еңбек өтілін өзара есепке алуды қарастырады. Сондай-ақ заң нормаларына сәйкес зейнетақылардың жинақталған бөлігін Қазақстаннан экспорттау жөніндегі Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықтың жаңа түрі назарға алынды.

Отырыс барысында Сенаттың бірқатар депутаты «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына сайланды. Олар: Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы Евгений Больгерт, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Серік Шайдаров және Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Бекболат Орынбеков. Осы ретте Бекболат Орынбеков қосымша баяндамашы болып белгіленгенін атап өткен жөн.

Сондай-ақ сенаторлар өзекті мәселелер жөнінде өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Закиржан Кузиев «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» бағыттары бойынша гранттар санын көбейту қажет екенін айтты. Сенатордың сөзіне қарағанда, бұл – ұлттық және азық-түлік қауіпсіздігін, сондай-ақ, елдің жалпы әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам.

Бекболат Орынбеков «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды қайта қарау баяу жүргізіліп жатқанын және шаруалар үшін қолайлы нәтиже бермей отырғанын тілге тиек етті. Осыған байланысты ол аграрлық сектордағы ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар нақты ұсыныс айтты.

Амангелді Нұғманов мемлекеттік шекараны қорғауды қамтамасыз ету сапасына қатысты мәселені қозғады. Депутат тоқталған басымдықтардың қатарында Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Түрікменстанмен мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелерінде шекара белдеуінің енін 1000 метрге дейін ұлғайту туралы ұсыныс бар.

Сәкен Арубаев жайылымдық жердің жетіспеушілігін ескере отырып, елді мекендерден алыс жерлерге түгендеу жүргізу үшін Арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірлеп, қабылдауды ұсынды. Оларды ауыл шаруашылығы айналымына тарту үшін қажетті инфрақұрылымды дамыту ісін қаржылай қолдау шаралары проблеманы шешуге ықпал етуге тиіс.

Бекбол Орынбасаров ақын Сәттіғұл Жанғабылұлының 150 жылдық мерейтойын 2026 жылға арналған жалпы республикалық мерейтойлар тізіміне енгізуді ұсынды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив