«Абай жастары» тұрғын үй бағдарламасы: қатысушылар үшін жаңа мүмкіндіктер
Семей қаласы жастарына арналған «Абай жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша алдын ала іріктеу нәтижелері белгілі болды. Бұл бағдарлама - жастарды баспанамен қамтуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Отбасы банк»АҚ Абай облыстық филиалының Бизнесті дамыту бөлімінің маманы Манат Ахтанов мәлімдеді.
Бағдарлама аясында іріктеуден өткен қатысушылар «Отбасы банк» АҚ бөлімшелеріне жолдама алады. Осыдан кейін банк тарапынан қатысушылардың төлем қабілеттілігін растау үдерісі басталады. Бұл кезең 10 жұмыс күніне дейін созылады.
Төлем қабілеттілігі расталған жағдайда, келесі кезеңде тұрғын үйді таңдау және ипотекалық несие рәсімдеу жұмыстары жүзеге асырылады.
Спикердің айтуынша, «Абай жастары» бағдарламасы алдағы жылдары да жалғасады. Осыған байланысты жастарға алдын ала дайындалып, тұрақты табыс көзін қалыптастыру, депозит ашу және бастапқы жарнаны жинақтауға кеңес беріледі. «Отбасы банк» АҚ болашақ қатысушыларға әрдайым кеңес беріп, қажетті ақпарат пен бағыт-бағдар ұсынуға дайын.