Cемей-24°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-16°С
  • Ақсуат-17°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-16°С
  • Курчатов-13°С
  • Көкпекті-17°С
  • Үржар-8°С
503.35 590.63 6.62

Қоғамдық палата отырысында әуе тасымалы мәселелері талқыланды

Бүгін, 16:41 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін депутат Айдос Сарымның төрағалығымен Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның отырысы өтті. Жиында жолаушылар тасымалы саласындағы авиациялық қызмет мәселелері талқыланды. Отырысқа Мәжіліс төрағасының орынбасарлары Альберт Рау мен Дания Еспаева, Қоғамдық палата мүшелері, Мәжіліс пен мәслихат депутаттары, жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері және отандық авиакомпаниялардың басшылары қатысты.

Талқылауды жүргізген Айдос Сарым әуе компаниялары мен әуежайлардың қызмет көрсетулері бойынша тұтынушылардан көптеген шағым түскенін атап өтті. Олар рейстердің себепсіз кешігуі, қолжетімді орындарға қарағанда билеттердің көп сатылуы, артық брондау (овербукинг) мәселелеріне байланысты. Сонымен бірге әуе тасымалдау саласындағы мәселелер қатарында билеттердің қымбаттығы және лоукостер рейстерінде олардың қайтарылмауы, әуе кемелері паркінің тозуы, жанар-жағармай бағасының өсуі және басқа да мәселелер бар.

– Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтай отырысында авиация тасымалының дамуына кедергі келтіретін басты фактордың бірі – авиаотын бағасы екеніне ерекше назар аударған болатын. Ол тым жоғары және көрші мемлекеттердің әуежайларымен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз. Сондықтан бүгін біз осы жүйелі мәселелер мен қолданыстағы заңнаманың кемшіліктерін талқылауды ұсынып отырмыз. Сондай-ақ жолаушыларға жайлы жағдай жасау үшін әуекомпаниялары мен әуежайлардың заманауи технологиялар мен қызметтерді енгізу арқылы қалай трансформацияланатынын қарастырамыз, – деді Айдос Сарым.

Отырыста баяндама жасаған Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева өткен жылдың қорытындысы бойынша жолаушылар тасымалының негізгі көрсеткіштері бойынша оң серпін сақтағанына тоқталды. Атап айтқанда, 2025 жылы еліміздің әуежайлары 31,8 млн жолаушыға қызмет көрсетті, оның ішінде 15,4 млн жолаушы отандық әуе компаниялары арқылы тасымалданды.

– Бүгінде ішкі әуе тасымалдары 42 бағыт бойынша жүзеге асырылып, аптасына 643 рейсті қамтиды. Халықаралық әуе қатынасында 30 ел мен 135 бағыт бойынша аптасына 626 рейс жасалады. 2019 жылы «ашық аспан» режимі енгізілген сәттен бастап жолаушылар ағыны шамамен 70%-ға артты, ал нарыққа 20-дан астам шетелдік әуекомпаниясы шықты. Сонымен қатар әуе кемелері паркін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Биыл 9 жаңа әуе кемесін қабылдау жоспарланып отыр, – деді Салтанат Томпиева.

Ол сондай-ақ ұшу қауіпсіздігі бойынша Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ХААҰ) талаптарына сәйкестік деңгейі 82%-ды құрайтынын атап өтті, бұл орташа әлемдік және орташа еуропалық көрсеткіштерден жоғары. 2025 жылғы қарашада жүргізілген авиациялық қауіпсіздік аудитінің қорытындысы бойынша сәйкестік деңгейі 95,7%-ға жетіп, Қазақстанды ТМД елдері арасында бірінші орынға және әлемнің үздік 20 елінің қатарына шығарды.

Қоғамдық палата төрағасының орынбасары Ғалым Байтоқ талқыланып отырған тақырып бойынша өз ұсынысын айтты. Ол қайтарылмайтын авиабилеттер мәселесіне назар аударды. Ғ. Байтоқтың пікірінше, бұл билеттер іс жүзінде барлық туындауы мүмкін проблеманы жолаушыға жүктеп, оған маңызды және объективті жағдайлар туындағанда да ақшасын қайтаруға мүмкіндік бермейді.

– Авиация – қаржылық құрал емес, қоғамдық маңызы бар көлік түрі. Мемлекет келісімшарттың әлсіз тұсын – азаматтарды қорғауға міндетті. Ұсыныс айқын: ішкі авиарейстерде қайтарылмайтын билеттерге тыйым салынуы тиіс немесе олар кепілдендірілген қайтару жүйесімен, ұшу күнін тегін өзгерту мүмкіндігімен алмастырылуы қажет, – деді Қоғамдық палата төрағасының орынбасары.

Ғалым Байтоқтың айтуынша, тағы бір маңызды мәселе – ішкі және өңірлік авиацияның дамымағандығы. Елде орташа қалалар мен туристік аймақтар арасында тікелей, жиі және қолжетімді рейстерге сұраныс өсіп келеді. Осы орайда сарапшы  өңірішілік лоукостерлерді, аз жолаушылы және жеңіл коммерциялық авиацияны дамыту, сондай-ақ маршруттық желіні тек ірі хабтар мен облыс орталықтарына ғана тәуелді болмайтындай етіп қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Әуежайдағы қызмет көрсету сапасы да жақсартуды қажет етеді. Атап айтқанда, CIP/VIP қызмет көрсету бойынша біртұтас стандарттардың жоқтығы және бағалардың едәуір ауытқуы салдарынан жоғары баға қызмет көрсету деңгейіне сәйкес келмейтін жағдайлар туындайды. Мәселені шешу үшін Ғалым Байтоқ бірыңғай баға дәлізін енгізуді, қызметтердің минималды стандартын бекітуді және залдардың нақты сыйымдылығынан артық қызметтерді сатуға тыйым салуды ұсынды.

Еуразиялық Тұтынушылар Одағы басқармасының төрағасы, Қоғамдық палата төрағасының орынбасары Светлана Романовская да бірқатар ұсынысын айтты. Ол «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң толық ақпарат алу және шығындарды өтеу құқығын нақты бекітетінін атап өтті. Алайда азаматтық авиация саласында бұл нормалар көбінесе салалық ережелерге орын береді. Оның айтуынша, осыған байланысты рейстің түсіміне сай айналымдық айыппұлдарға көшу, үш сағаттан астам кешігу жағдайында өтемақыны автоматтандыру, қосымша қызметтер тарифтерінің ашықтығын заңнамалық қамтамасыз ету, сондай-ақ чартерлік рейстерге міндетті онлайн алдын ала тіркеуді енгізу секілді жүйелі шараларды енгізу қажет.

Светлана Романовская климаттық факторлар мен төтенше жағдайларды ескере отырып, жолаушыларға қызмет көрсету мәселелеріне бөлек назар аударды. Ол үшін әуежайдың жалпы залында да, стерильді аймақта да барлық қажетті ақпаратты алып, бір жерде көмек пен қолдау көрсетуге арналған арнайы қызмет аймақтарын құруды тиімді деп есептейді.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қоғамдық палата сарапшыларының қайтарылмайтын билеттер мен ашық емес тарифтерге қатысты пікірін қолдады. Сондай-ақ депутат әуе компаниялары бақылау мен тексерулерге белсенді түрде қарсылық көрсетіп, оны пайдадан айырылу қаупімен негіздейтінін айтты. Оның пікірінше, бұл жағдайда бизнес мүдделері азаматтардың мүддесінен жоғары қойылып отыр.

Мұрат Әбенов қазіргі уақытта Мәжілісте «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның жаңа редакциясы бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын еске салды. Осы құжат аясында депутаттар әуе компанияларын тексеруді қайта жандандыруды, қайтарылмайтын тарифтердің басымдыққа ие болуын жоюды және рейстер кешіккен жағдайларды қоса алғанда, қаражатты 7 күн ішінде қайтаруды міндеттеуді ұсынып отыр. Оның пікірінше, кез келген айыппұл құжатпен негізделіп, алдын ала жолаушыларға жеткізілуге тиіс. Бұл шаралар жолаушылар мен әуе компанияларының мүдделерін теңестіруге, ережелерді халықаралық тәжірибеге (Монреаль және Варшава конвенциялары) сәйкестендіруге және ұлттық тасымалдаушылардың монополиясына бақылауды күшейтуге бағытталған.

Отырыста «AirAstana» АҚ аға вице-президенті Ерболат Байсалықов пен «QAZAQ AIR» АҚ басқарма төрағасы Әділбек Өмірәлиев сөз сөйледі. Олар өткен кезеңдегі компаниялар қызметінің негізгі нәтижелерін атап өтіп, іске асырылып жатқан даму және жаңғырту бағдарламалары туралы баяндады, өз ұсыныстарын айтты.

Сонымен қатар азаматтық авиация жүйесін және салалық заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды сарапшы Наталья Малярчук, Мәжіліс депутаттары Ирина Смирнова мен Анас Бакқожаев, «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» ҚҚ президенті Зауреш Батталова, сондай-ақ Қоғамдық палатаның басқа да мүшелері мен отырысқа қатысушылар ортаға салды.

Жиынды қорытындылаған Айдос Сарым айтылған ұсыныстар мен сарапшылық пікірлер жүйеленіп, Қоғамдық палатаның қорытынды ұсынымдарына енгізілетінін және олар заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар әзірлеу кезінде ескерілетінін атап өтті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив