Cемей-14°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-16°С
  • Ақсуат-17°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-16°С
  • Курчатов-13°С
  • Көкпекті-17°С
  • Үржар-8°С
501.79 595.07 6.56

Қазақстанда туризмге салынған инвестиция көлемі 32%-ға өсіп, 1,2 трлн теңгеден асты

Бүгін, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

Халықаралық туристерді тарту және заңнамалық қолдау – Президенттің саланың даму қарқынын екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға басты негіз. Үкімет отырысында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмыс қорытындылары мен жоспарлары туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов баяндады.

Мемлекет басшысы «Түркістан» газетіне берген сұхбатында туризмді дамытуға екі есе көп күш салуды тапсырған болатын. Сонымен бірге Жолдау барысында инфрақұрылымды кешенді дамыту жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі екенін де атап өтті.    

Ал халықаралық туристерді тарту мен туризм саласындағы саясатты заңнамалық тұрғыда орталық деңгейде қамтамасыз етуді тапсырды.

«Саладағы басты көрсеткіштердің өскені байқалады. Орналастыру орындарының саны 4,5 мыңнан асқан. Ал осы орналастыру орындарының қызметін пайдаланған туристердің саны 10 млн-нан асты, яғни 12%-ға өскен. Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық индексінде Қазақстан 119 елдің ішінен 52 орынға көтерілген. Бұған дейін 66 орында болғанбыз. Біздің алға қойған мақсатымыз – үздік елу елдің қатарына кіру», — деді туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.  

Инвестиция тарту бағыты бойынша да белсенді жұмыс жүргізілуде. Ресми статистикаға сәйкес 2025 жылы туризм саласына салынған инвестиция көлемі 32%-ға өсті. Бұл – 1 трлн  254 млрд теңге. Министрліктің тізімінде жүзеге асырылу жоспарланған 328 инвестициялық жоба қамтылған. 

Негізгі жобалардың қатарында «Ой-Қарағай» тау-шаңғы курорты, Hilton және Mandarin Oriental қонақ үй кешендері, «Жібек жолы» ойын-сауық кешені, Keruen Inn жол бойындағы сервистік объектілер желісі бар. Аталған жобаларды жүзеге асыру туризм саласында шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 

Бұдан бөлек, бірыңғай стильді ұстану бойынша ұсынымдар да әзірленді. Әкімдіктер жергілікті аумақтың ерекшеліктерін ескере отырып, әр курорттық аймақтың дизайн-кодын бекітуді ұсынамыз. Қонаев, Павлодар қалаларында және Бурабай курорттық аймағында стандарттарға сәйкес осындай жағажай үлгілері бар. Тәжірибе алмасу мақсатында басқа аймақтардың өкілдеріне арнап Қонаев қаласының қалалық жағажайына барып, көріп қайту шарасы ұйымдастырылды. Осы тәжірибені барлық жерде енгізген жөн. Аталған мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін 2026–2029 жылдарға арналған Жол картасы жобасы әзірленді. Бұл құжат курорттық аймақтарды қажет инфрақұрылыммен жабдықтауға және туристердің демалуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған іс-шаралар кешенін қарастырады. Жоба мемлекеттік органдармен алдын ала келісілген. Әкімдіктерге Жол картасын белгіленген мерзімде жүзеге асыру тапсырылды. Министрлік маусым басталғанға дейін курорттық аймақтарды тексеру жұмысын жалғастыратын болады.

Мемлекет басшысы Қазақстандағы туризм саласын дамытудағы басымдыққа ие аймақтарды белгіледі. Олар: Алматы тау кластері, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы және Маңғыстау туристік аймағы. Жоғарыда аталған аумақтар үшін Кешенді даму жоспарлары жасалды, оған инфрақұрылым құру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, саланы ілгерілету мен цифрландыру кіреді. Кешенді даму жоспары аясында Алматы тау кластерінде жұмыс істеп тұрған тау-шаңғы курорттарын кеңейту мен оларды бірыңғай жүйеге біріктіру жоспарланып отыр.

Қосымша түрде 30 арқанжол мен шаңғы тебетін 161 шақырым жол пайда болады. Осы арқылы қазіргі жүктемені азайтып, жыл сайын келетін туристер ағынын 5 млн адамға дейін көбейтуге болады. Бұл жобаның аталған аймақ үшін үлкен әлеуметтік-экономикалық әсері бар, себебі, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, тауда шаңғы тебетін бір турист жағажайға баратын туристпен салыстырғанда жеті есе көп ақша жұмсайды.

Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың кешенді жоспары аясында инфрақұрылымды дамыту арқылы Щучье мен Бурабай көлдеріне түсіп тұрған жүктемені Қатаркөл, Кіші және Үлкен Шабақты, Жөкей көлдеріне бөлу көзделген. Кешенді жоспарды жүзеге асыру шеңберінде өткен жылы Бурабай кентінде «Променад» аймағы, 10 шақырымға созылған веложол салынды; 8 жаңа қарау алаңы, 4 автотұрақ пайдалануға берілді; Щучье көліндегі қоғамдық жағажай абаттандырылды; қосымша 15 дәретхана орнатылды; экскурсиялық тікұшақ туры іске қосылды.

Жалпы алғанда, Кешенді жоспарды іске асыру арқылы 2029 жылдың соңына дейін шетелден келетін туристерді 94 мың адамға дейін, туризм саласында жұмыс істейтіндерді 32,5 мың адамға дейін көбейтуге болады. Келесі басымдыққа ие дестинация – Маңғыстау туристік аймағы. «Жылы жағажай» және «Кендірлі» курорттық аймақтарын дамыту, Бозжыра, Тамшалы және тағы сол сияқты ерекше табиғи объектілердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

«Абаттандырылған жаяу жүргіншілер жолы, қарау алаңдары, визит-орталықтар жасалады. Туристік өнімді жақсартудың нәтижесінде туристердің осы аймақта болу уақыты 7-10 күнге дейін ұзарады деген ойдамыз. Демек келушілерден түсетін кіріс те айтарлықтай көбейеді. Жалпы алғанда, Кешенді жоспарды жүзеге асыру арқылы 2029 жылға қарай қонақ үй инфрақұрылымын кеңейтуге және туристердің санын тағы 150 мыңға көбейтуге болады. Осы саланы әрі қарай да жүйелі және кешенді түрде дамыту мақсатында сіздің тапсырмаңыз бойынша Туризмді дамыту тұжырымдамасын өзектендіруді бастадық. Министрлік Тұжырымдама бойынша жасалатын жаңа әрекеттер жоспарының жобасын дайындады, ол 100-ден астам тармақтан тұрады. Бірқатар орталық мемлекеттік органдардан, әкімдіктерден және ұлттық кәсіпкерлер палатасынан ұсыныстар алдық. Өткен аптада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы съезінің алдында туристік бизнеспен кездесу өткіздік. Онда көтерілген мәселелер Тұжырымдамада ескерілетін болады. Қосымша Қазақстанға туристерді тарту бойынша жаңа Маркетинг стратегиясын жүзеге асыру мәселесін де басты назарға алып отырмыз. Жалпы алғанда, 2029 жылға қарай ішкі туристер 11 млн адамға дейін, ал туризм саласында жұмыс істейтіндер 800 мың адамға дейін көбейеді деп күтілуде», — деді туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов. 

Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив