Cемей-17°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-16°С
  • Ақсуат-17°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-16°С
  • Курчатов-13°С
  • Көкпекті-17°С
  • Үржар-8°С
502.27 597.15 6.57

Қазақстан жасанды интеллекттің дамуы жөніндегі алғашқы ұлттық есепті ұсынды: саладағы венчурлық инвестициялар көлемі бес есе өсіп, $73 млн-нан асты

Бүгін, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстанда жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы стартаптардың қарқынды дамып келе жатқан экожүйесі қалыптасты. Елде 100-ден астам ЖИ-стартаптары жұмыс істейді, ал 2023-2025 жылдар аралығында жобаларға салынған венчурлық инвестициялар көлемі бес еседен астам өсіп, шамамен $14 млн-нан $73 млн-ға жетті. Нәтижесінде, бүгінде Қазақстандағы барлық венчурлық инвестициялардың жартысынан астамы ЖИ саласына тиесілі.

Бұл деректер еліміздегі ЖИ нарығына арналған алғашқы кешенді шолу – Kazakhstan AI Country Report есебінде ұсынылған. Есепте мемлекеттік стратегия, цифрлық және есептеу инфрақұрылымы, адами капитал, стартаптар, венчурлық инвестициялар, сондай-ақ технологияларды енгізудің салалық кейстері қамтылған. Есептің ресми таныстырылымы бүгін Қазақстанның елордасында Astana Hub Event Hall алаңында өтті.

Зерттеуді RISE Research аналитикалық агенттігі Mastercard және Freedom Bank компанияларымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің және GITEX AI Central Asia & Caucasus қолдауымен дайындады. Есеп 30-дан астам салалық сарапшылармен жүргізілген тереңдетілген сұхбаттарға, халықаралық бенчмарктерді талдауға, 100-ден астам қазақстандық ЖИ-стартаптың бизнес-модельдерін зерттеуге, сондай-ақ технологияларды енгізудің 10 практикалық кейсіне негізделген.

Есепке сәйкес, Қазақстан дамуында жаңа кезеңге қадам басып, цифрландырудан жасанды интеллектті ауқымды түрде енгізуге көшуде. Жасанды интеллект елдің экономикалық өсімінің және халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторы ретінде қарастырылады. Зерттеу авторларының бағалауынша, ЖИ-ді енгізу орта мерзімдегі қарастыруда жұмыс орындарының жартысынан астамында өнімділіктің артуы есебінен Қазақстанның ЖІӨ-нің жыл сайын қосымша 0,5-2% өсуін қамтамасыз ете алады.

 

Дмитрий Мун, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:

«Қазақстан жасанды интеллект саласында кешенді әрі институционалдық тұрғыда бекітілген стратегияны іске асырып келеді. Ол жасанды интеллект туралы арнайы заңды қабылдауды, Ұлттық AI-платформаны құруды, тәуелсіз есептеу инфрақұрылымын дамытуды, қазақ тіліндегі LLM модельдерін қолдауды, Alem.ai халықаралық AI-орталығын іске қосуды, сондай-ақ адами капиталды дамытудың ауқымды бағдарламаларын қамтиды. Адами капиталды дамыту мақсатында 2025 жылдың өзінде-ақ жасанды интеллект саласындағы дағдыларға шамамен 1 миллион маман оқытылды, осылайша 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 5 миллионға жеткізу көзделіп отыр».

Есеп авторларының бағалауынша, қазақстандық жасанды интеллект стартаптарының басым бөлігі қолданбалы B2B-шешімдерге бағытталған және ішкі нарықпен қатар, халықаралық нарықтарда да жұмыс істейді. Жобалардың ең жоғары шоғырлануы Enterprise AI және бизнес-процестерді автоматтандыру, Индустрия 4.0, MarTech, EdTech және MedTech сегменттерінде байқалады.

2025 жыл экожүйе үшін бетбұрыс кезеңі болды: нарықта Қазақстандағы алғашқы «юникорн» (нарықтық бағалауы $1 млрд-тан асатын жеке технологиялық компания) – Higgsfield AI пайда болды, сондай-ақ Bridge және Series A кезеңдерінде еліміз үшін ең ірі мәмілелер тіркелді. Бұл қазақстандық кәсіпкерлер негізін қалаған ЖИ-компаниялардың ірі халықаралық капиталды тарту қабілетін растады.

Санжар Жамалов, Mastercard компаниясының Қазақстандағы және Орталық Азия елдеріндегі Бас директоры:

«Mastercard жасанды интеллектті, экономикалық трансформацияның негізгі драйверлерінің бірі, өсім үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды фактор ретінде қарастырады. Есепте жасанды интеллектті Қазақстандағы бизнестің өнімділігін арттыру мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтудің тәжірибелік құралы ретінде қарастыратын көзқарасымыз бар. Біз Қазақстанда әлемдік деңгейдегі шешімдер жасау әлеуетіне ие, өршіл жасанды интеллект экожүйесінің қалыптасып келе жатқанын байқап отырмыз және оның белсенді қатысушысы әрі сенімді технологиялық серіктесі болуға ниеттіміз».

Зерттеуде жасанды интеллект экожүйесін дамытудың негізгі тіректері – есептеу инфрақұрылымы мен адами капитал – жеке талданған. Есепте екі жаңа AI-кластердің (Alem.Cloud және «Қазақтелеком» АҚ іске қосқан AI-Farabium) пайдалануға берілуі нәтижесінде есептеу қуаттарының ЖИ дамуы үшін негізгі шектеу болудан қалғаны атап өтіледі. Аталған кластерлердің жиынтық қуаты шамамен 3,6 экзафлопсты құрайды. Авторлардың бағалауынша, қазіргі таңда елде H100/H200 деңгейіндегі шамамен 2 000 GPU пайдаланылуда.

Бұл технологияны енгізу қарқыны бойынша цифрлық жетілу деңгейі жоғары және деректер көлемі ауқымды салалар көш бастап отыр. Атап айтқанда, жасанды интеллект клиенттерге қызмет көрсету, маркетинг және аналитика бағыттарында кеңінен қолданылатын – қаржы секторында, телекоммуникациялар, электрондық мемлекеттік қызметтер (eGov), бөлшектік сауда және IT салаларында.

Айдос Жұмағұлов, Freedom Bank директорлар кеңесінің мүшесі:

«Венчурлық инвестициялардың өсуі және алғашқы unicorn пайда болуы Қазақстанның технологиялық нарығының жетілгенін көрсетеді. Қаржы секторы үшін бұл неғұрлым күрделі әрі зияткерлік өнімдерге көшу кезеңін білдіреді. Бүгінде банктер AI-ды тәуекелдерді басқаруда, алаяқтықпен күресте, деректерді талдауда және клиенттерге қызмет көрсетуде белсенді қолдануда. Деректердің үлкен көлемі мен сенімділікке қойылатын жоғары талаптар қаржы институттарын мұндай технологияларды практикалық тұрғыда енгізуге ең қолайлы ортаға айналдырады. Ал бұл тәжірибе инфрақұрылыммен, реттеумен және кадрларды даярлаумен ұштасқанда, ол бүкіл экономика деңгейінде жұмыс істей бастайды. Осындай тәсіл Қазақстанның ұзақ мерзімді цифрлық өсімінің негізін қалайды».

Сонымен қатар мемлекет жасанды интеллектіні нақты секторларда, сондай-ақ жоғары экономикалық және қоғамдық әсері бар әлеуметтік маңызы бар салаларда – өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, көлік және логистикада, энергетикада, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында – енгізуге стратегиялық басымдық беріп отыр.

Зерттеуде нарықтың басым тұстары мен құрылымдық шектеулері де айқындалған. Артықшылықтар қатарына жүйелі мемлекеттік қолдау, тәуелсіз есептеу инфрақұрылымына инвестициялар мен осы саладағы дағдыларды дамыту, экономиканың жоғары цифрлық жетілу деңгейі және өсіп келе жатқан стартап-экожүйесі жатқызылған. Қосымша фактор ретінде жас әрі білім деңгейімен ерекшеленетін халық атап өтіледі: 2025 жылы түлектердің 21%-ы инженерлік және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандықтарын таңдаған.

Сонымен бірге жасанды интеллектті одан әрі ауқымды түрде енгізуге сапалы салалық деректердің тапшылығы, өңірлер арасындағы инфрақұрылым мен құзыреттерге қолжетімділіктің теңсіздігі, Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру көлемінің төмендігі, тәжірибелі мамандардың тапшылығы және кейінгі кезеңдерде венчурлық капиталға қолжетімділіктің шектеулі болуы кедергі келтіруде.

Әсел Абдрахманова, RISE Research басқарушы серіктесі:

«Қазақстанда жасанды интеллект жекелеген тәжірибелер шеңберінен шығып, – стартаптардан бастап, ЖИ-ке негізделген шешімдерді корпоративті үдерістерге енгізуге және осы саладағы мемлекеттік саясатты іске асыруға дейінгі экономикалық архитектураның ажырамас бөлігіне айналуда. Стартаптардың, бизнес пен мемлекеттің үйлесімді дамуы нарықтың жетілгендігінің негізгі белгісі болып табылады».

Kazakhstan AI Country Report инвесторлар, бизнес пен мемлекет үшін жасанды интеллектті дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясын қалыптастыруда және Қазақстанды Generative Nation стратегиялық бағыты аясында жаһандық экономикаға интеграциялауда бағдар болатын құжатқа айналып отыр.

Kazakhstan AI Country Report есебінің қазақ, ағылшын және орыс тілдеріндегі толық нұсқасы www.rise.com.kz сайтында немесе сілтеме арқылы қолжетімді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив