2022 жылы Қазақстанда жұмыс күшінің 72,6 пайызы жалданбалы қызметкерлер болған
Қазақстандардың басым бөлігі сауда, білім беру және өнеркәсіп саласында еңбек еткен, деп хабарлайды «Атамекен» аналитика қызметі.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2022 жылы Қазақстанда жұмыс күші 9,4 млн адамды құрады. Соның ішінде жалдау бойынша 6,8 млн адам (жұмыс күшінің 72,6%) жұмыс істеді, дербес жұмыспен қамтылғандар – 2,1 млн адам (22,5%), жұмыссыздар – 0,5 млн адам (4,9%) болды.
«15-28 жас аралағындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8 пайызды құраған. Жұмыссыздықтың орташа ұзақтығы 7,3 ай», – деп жазады «Атамекен» аналитика қызметі.
Бұл ретте 2002 жылдан бастап 2022 жылға дейін жалданбалы жұмыскерлердің үлесі 54,5%-дан 72,6%-ға артқан. Осы кезеңде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі 54,5%-дан 72,6%-ға төмендеген. 20 жыл ішінде жұмыссыздың деңгейі де 9,3%-дан 4,9%-ға төмендеген.
Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі мына салаларда еңбек етті:
- сауда (жұмыспен қамтылған халықтың 16,8%)
- білім беру (12,9%)
- өнеркәсіп (12,4%)
- ауыл шаруашылығы (12%).