Жаңа Конституция жобасында адам мен азаматтық құқықтың ара-жігін ажырату ұсынылды
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның оныншы отырысында «Нархоз университеті» КеАҚ профессоры Виктор Малиновский жеке тұлғаның құқықтық мәртебесіне арналған жаңа Ата заң жобасының 14-бабы бойынша пікір білдіріп, бірқатар маңызды түзетулерге назар аударды.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының мәнін, мазмұны мен қолданылуын айқындауы тиіс деген ережені адам құқықтары мен бостандықтарын қамтитын 14-баптың 2-тармағында бекіту керек.
Оның айтуынша, «қолданыстағы құқық» ұғымын жүйелі түрде қолдану заң тұрғысынан дұрыс. Бұл ұғым тек заңдарды ғана емес, құқықтың басқа да көздеріне түсініктеме береді. Сонымен қатар, профессор бұл ұғымның мемлекеттегі құқықтық олқылықтарды жоюға және адамдардың құқықтарын қорғауды күшейтуге арналғанын атап өтті.
Өз сөзінде Малиновский 14-баптың 3-тармағына да ерекше тоқталды. Спикер адамның құқықтары мен міндеттері азаматтығынан туындайтынын жеткізіп, бұл құқықтардың тұлғаның мемлекетпен берік саяси-құқықтық байланысына негізделетінін айтты. Ғалым оларды нақты әрі бұлжытпай бекіту қажеттігін де алға тартты.
Профессордың пікірінше, мұндай конституциялық нақтылау адам мен азаматтық құқықтың ара-жігін ажыратуға мүмкіндік береді. Бұл конституциялық құқық теориясы мен тәжірибесінде жалпыға танылған тәсіл болып есептеледі.
Оның айтуынша, сәйкесінше ааматтық тек азаматтық құқықтардың көлемін ғана айқындап қоймайды, сонымен бірге адамның мемлекеттегі ерекше құқықтық мәртебесін көрсетеді. Сәйкесінше, жеке адамдарға ғана тән арнайы міндеттерді де белгілейді.
Бұл ереже әртүрлі тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін нақтылай отырып, Ата заңдағы 14-баптың мәнін ашады дейді профессор. Сонымен қатар, Малиновский аталған баптың 5-тармағына да түсініктеме беріп, құжатта жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асырудың шегі әділ түрде белгіленгенін атап өтті.
Баяндаманың жеке бір бөлігі халықаралық шарттарға және олардың ұлттық құқықпен арақатынасына арналды. Малиновский Конституция жобасында ратификацияланған халықаралық шарттар Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының құрамдас бөлігі екенін және ұлттық құқықтық жүйеде қолданылуға тиіс екені туралы қағидаттың сақталатынын хабарлады.
Оның пікірінше, ратификацияланған халықаралық шарттардың заңдардан басымдығы туралы ереженің жойылуы адам құқықтары саласындағы бұрын ратификацияланған және қолданыстағы халықаралық шарттарға қауіп төндірмейді.
Осылайша, профессор сөзіне сәйкес, басты мәселе құқық көздерінің формалды басымдығында емес екен. Ең маңыздысы – соттар мен өзге де мемлекеттік органдардың құқық қолдану тәжірибесінде халықаралық шарттардың күші сақталады. Жаңа Конституция жобасы бұл қағидатты жоққа шығармайды және деңгейін түсірмейді.