Көкпектінің кішкентай дарындары орта азияны бағындырды
Абай облысы, Көкпекті ауданына қарасты «Шуақты Шұғыла» балабақшасының «Толағай археологтары» командасы тарихи жетістікке қол жеткізді.
21–23 қаңтар күндері өткен аймақтық іріктеу кезеңінде топ жарып, Орта Азия чемпионатына жолдама алған бүлдіршіндер бұл жолы да үмітті ақтады. 4–6 жас аралығындағы балалар арасында ұйымдастырылған «Discover» бағыты бойынша робототехника сайысында олар нағыз сенсация жасады.
Байқаудың ауқымы кең болды: 13 мемлекеттен 5000-нан астам команда қатысып, солардың ішінен үздік деп танылған 20 команда финалдық кезеңде бақ сынасты. Осындай тартысты додада Көкпектінің кішкентай өрендері жобаларын қазақ және ағылшын тілдерінде еркін әрі сенімді түрде қорғап, жоғары дайындықтарын көрсетті.
Нәтижесінде команда «Presentation of the Day Award» — «Күннің ең үздік таныстырылымы» аталымын жеңіп алып, Бас жүлдені иеленді. Бұл — тек балабақша ұжымы үшін ғана емес, бүкіл аудан үшін зор мақтаныш.
Жеңімпаз бүлдіршіндер:
Орынбеков Бекзат, Орымбекова Ясмина, Калиев Нұрасыл, Амангелді Кәусар және Сайлауғазы Бекасыл.
Команда жетекшілері:
Орынбаев Бақытбек, Есимханова Айсулу, Калиева Гульжанат, Сақтаған Олжас, Келербекова Назым, Талғатқызы Гүлім.
Ауыл балаларының халықаралық деңгейде бақ сынауына мүмкіндік жасап, үлкен сапарды ұйымдастырған балабақша меңгерушісі Айнур Алтаевнаның еңбегі зор. Сонымен қатар, осы сапарға демеушілік қолдау көрсеткен Көкпекті ауданының жеке кәсіпкері Арнұр Маутқановқа айрықша алғыс білдіреміз. Талантты бүлдіршіндердің ата-аналарына сенімдері мен жан-жақты қолдаулары үшін шынайы ризашылығымызды жеткіземіз.
Бұл — Абай облысының, әсіресе Көкпекті ауданының білім саласындағы айтулы жетістігі. Кішкентай қадамнан басталған үлкен жеңіс — болашақтың жарқын кепілі.