Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Сенаторлар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара құқықтық көмек көрсету туралы келісімді мақұлдады

27-04-2023, 16:28 Думан Кенжеғазыұлы

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның отырысы өтті. Онда сенаторлар «1996 жылғы 26 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы азаматтық және қылмыстық iстер жөніндегі өзара құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, Үкіметке өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырысты ашқан Палата Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 32-сессиясында тоқталған міндеттерге назар аударды. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында бірлесіп әрекет етудің маңызы зор екенін айтты.

«Президентіміз қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге арналған бірқатар міндеттерге тоқталды. Сенат үшін бұл сала – басым бағыттардың бірі. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері – бес әріптесіміз және басқа да сенаторлар этносаралық ынтымақтастықты арттыруға арналған жұмыстарға белсенді қатысып келеді. Сенат алдағы уақытта да еліміздегі бірлік пен тұрақтылықты одан әрі нығайтуға өз үлесін қоса береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында Палата депутаттары «1996 жылғы 26 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы азаматтық және қылмыстық iстер жөніндегі өзара құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл Келісім екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуді, азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетуді көздейді. Заң нормаларына сәйкес екі елдің заңнамасын ескере отырып, Шарттың бірқатар баптарына өзгерістер енгізіледі.

Сонымен қатар отырыста сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Жанболат Жөргенбаев Алматы және Жетісу облыстарының шаруаларымен кездесу кезінде көтерілген мәселеге назар аударды. Соған сәйкес депутат «Қорғас», «Өсек», «Тышқан» өзендерінің мүмкіндіктерін ескере отырып, өңірде су қоймаларын салу қажеттігін қарастыруды ұсынды.

Нурия Ниязова денсаулық сақтау саласындағы мекемелерде – балалар үйлерінде жұмыс істейтін педагогтардың әлеуметтік мәртебесін арттыру мәселесін алға тартты. Депутаттың айтуынша, бұл қызметкерлер қазір қолданыстағы «Педагог мәртебесі туралы» заңда қарастырылған нормалармен қамтылмаған.

Руслан Рүстемов Қызылорда облысының мұнай экспортына арналған квотасын ұлғайту керектігін айтты. Сенатордың сөзіне қарағанда, бұл қадам өңірдегі кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлердің табысы мен салық түсімдерінің артуына оң әсерін тигізеді.

Суретті түсірген: Н. Байбулин

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив