Cемей-4°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
493.85 571.78 6.25

Қазақстан әлеуметтік қолдау бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр

Бүгін, 09:21 Думан Кенжеғазыұлы

Қазіргі таңда мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі тек экономикамен немесе табиғи ресурстармен ғана өлшенбейді. Әлеуметтік саясаттың тиімділігі, әсіресе отбасы мен баланы қолдау жүйесі де елдің тұрақты дамуының маңызды көрсеткішіне айналды. Орталық Азия елдерінің тәжірибесіне назар аударсақ, әр мемлекет өз мүмкіндігіне қарай әлеуметтік төлемдер жүйесін қалыптастырып отырғанын көруге болады. Алайда осы бағытта кешенді әрі тұрақты саясат қалыптастырған елдердің бірі, ол – Қазақстан.

Мәселен, жақында Қырғызстанда жаңа әлеуметтік бастама жарияланды. Ел президенті Садыр Жапаров қол қойған «Бала ырысы» бағдарламасына сәйкес, биылғы жылдың шілде айынан бастап үш жасқа дейінгі әрбір балаға ай сайын 1200 сом көлемінде төлем жасалмақ. Бұл шешім мемлекет тарапынан отбасыларды қолдаудың маңызды қадамы ретінде бағалануда. Қырғызстанда бұдан бөлек жүктілік пен босану кезеңіне арналған төлемдер және бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақы да бар. Дегенмен барлық төлемдерді қосқанда үш жыл ішінде отбасы алатын қаражат шамамен 320 мың теңгенің төңірегінде болады.

Аймақтағы басқа елдердің тәжірибесіне қарасақ, әлеуметтік қолдау көлемі бұдан да төмен екенін байқауға болады. Мысалы, Өзбекстанда бірінші бала дүниеге келген кезде берілетін біржолғы төлем шамамен 36 мың теңгені құрайды. Ал екінші және одан кейінгі балаларға бұл төлем тек ресми түрде аз қамтылған деп танылған отбасыларға ғана беріледі. Ал Тәжікстанда бала тууына байланысты мемлекеттік жәрдемақылар көлемі өте аз: бірінші балаға шамамен 20 доллар, екінші балаға 13 доллар, үшінші және одан кейінгі балаларға 7 доллар шамасында төленеді.

Осы тұрғыдан алғанда Қазақстандағы әлеуметтік қолдау жүйесі әлдеқайда кең әрі көп деңгейлі екенін байқауға болады. Қазақстанда бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақының өзі 164 мың теңгеден басталады, ал төртінші және одан кейінгі балаға 272 мың теңге төленеді. Бұдан бөлек, бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайынғы күтім жәрдемақысы қарастырылған. Оның мөлшері бала санына байланысты өсіп отырады. Жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілік пен босану кезеңіне арналған әлеуметтік төлемдер және бала күтіміне байланысты табысынан айырылу төлемдері бар. Бұл төлемдер ананың бұрынғы табысына байланысты есептеледі.

Мысалы, жұмыс істемейтін ана бірінші баласы үшін жалпы алғанда шамамен 596 мың теңге көлемінде мемлекеттік қолдау алады. Ал егер ана жүктілікке дейін тұрақты жұмыс істеп, орташа жалақысы 250 мың теңге болса, онда барлық төлемдерді қосқанда шамамен 1 миллион 964 мың теңгеге дейін қаражат алады. Бұл көрсеткіш аймақ елдерімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.

Қазақстандағы әлеуметтік саясаттың тағы бір ерекшелігі – ұзақ мерзімді қолдау механизмдерінің енгізілуі. Соның ішінде балалардың болашағына бағытталған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы ерекше маңызға ие. Бұл бастама аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігі барлық балалардың жеке есепшотына аударылып отырады. Нәтижесінде балалар кәмелетке толған кезде белгілі бір қаржылық жинаққа ие болады.

Жалпы алғанда, Орталық Азия елдерінің әлеуметтік төлемдер жүйесін салыстырмалы түрде қарастырғанда, Қазақстанда отбасы мен баланы қолдауға бағытталған саясат анағұрлым жүйелі әрі ауқымды екенін көруге болады. Мемлекет тек бала туу кезеңінде ғана емес, оның өсіп-жетілуінің алғашқы жылдарында да тұрақты қолдау көрсетеді. Сонымен қатар ұзақ мерзімді қаржылық жинақ қалыптастыру арқылы келешек ұрпақтың әлеуметтік мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған саясат жүргізіп отыр.

Осының барлығы әлеуметтік саясаттың елдің стратегиялық дамуы үшін маңызды құралға айналғанын көрсетеді. Баланы қолдау – тек әлеуметтік міндет емес, сонымен қатар демографиялық тұрақтылықты қамтамасыз ететін, қоғамның болашағын айқындайтын маңызды фактор. Сондықтан бұл бағыттағы саясат Қазақстанның аймақтағы бәсекелік артықшылықтарының бірі ретінде қарастырылуы заңды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив