ҚР ЕХӘҚМ босқындар мен пана іздеуші адамдардың құқықтарын және оларды мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіреді
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан Республикасының аумағындағы босқындардың құқықтық жағдайын және оларды әлеуметтік қолдау шараларын реттейтін заңнама нормалары туралы еске салды. Бұл саладағы мемлекеттік саясат ҚР «Босқындар туралы» Заңымен регламенттеледі.
Заңнамаға сәйкес, босқын мәртебесі нәсілі, ұлты, діні, азаматтығы, белгілі бір әлеуметтік топқа жатуы немесе саяси наным-сенімдері бойынша қудалау құрбаны болуы мүмкін деген негізді қауіпке байланысты өзінің азаматтығы бар елден тыс жерде жүрген шетелдікке берілуі мүмкін. Бұл ретте Заң нормалары саяси баспана сұрайтын адамдарға, сондай-ақ өз елінен тек экономикалық себептермен кеткен азаматтарға қолданылмайды.
Осы санаттағы адамдарды бейімдеу және интеграциялау үшін мемлекет әлеуметтік-экономикалық қолдаудың бірқатар тетіктерін қарастырған. Атап айтқанда, босқындар еңбек және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға толық құқылы. Шетелдіктердің басқа санаттарынан айырмашылығы, босқындар мен пана іздеуші адамдарға жұмысқа орналасу үшін жергілікті атқарушы органның арнайы рұқсатын алудың қажеті жоқ.
Бұдан бөлек, осы санаттағы адамдарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККБК) шеңберінде медициналық көмек тегін негізде көрсетіледі. Білім беру саласында ұлттық заңнама босқындар мен пана іздеуші адамдардың балаларының тегін мектепке дейінгі, бастауыш және жалпы орта білім алу құқығын қамтамасыз етеді, ал жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім оларға байқау негізінде қолжетімді. Сонымен қатар, ҚР Әлеуметтік кодексінің 120-бабына сәйкес, босқындарға ел азаматтарымен тең дәрежеде шартсыз немесе шартты ақшалай төлем түрінде атаулы әлеуметтік көмек беріледі.
Босқын мәртебесін алу үшін адам Қазақстанға келген кезден бастап немесе қудалау қаупі туралы белгілі болған кезден бастап бес күнтізбелік күн ішінде болатын жері бойынша жергілікті атқарушы органға жазбаша өтініш жасауы қажет. Өтінішті қараудың барлық кезеңінде, соның ішінде шағымдану мерзімінде адамның Қазақстан Республикасының аумағында болуға заңды құқығы бар.
Босқындар Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуға және азаматтық алуға өтініш беруге де құқылы. Тиісті құжаттарды тапсыру кезінде олар шыққан елінен сотталмағаны туралы анықтама ұсыну талабынан ресми түрде босатылады. Босқындар мәртебесі туралы конвенцияның талаптарына қатаң сәйкестікте, ұлттық заңнама пана іздеуші адамдар мен босқындарды олардың өміріне немесе бостандығына қауіп төнуі мүмкін елдің шекарасына қайтаруға немесе шығаруға тыйым салады.