Сенатта ювеналды соттардың жұмысын жетілдіру мәселесі талқыланды
Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың қызметін одан әрі жетілдіру тақырыбына арналған отырыс өтті. Қатысушылар жүйенің қазіргі жағдайы мен ағымдағы мәселелерді және оларды шешу жолдарын қарастырды.
Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров отырысты аша келіп, Мемлекет басшысы өз сөзінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқығын қорғау және олардың толыққанды дамуы үшін жағдай жасауға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Сенатор сонымен қатар ювеналды соттардың құрылуы сот жүйесін дамытудың маңызды кезеңі болғанын және құқық қолдану ғана емес, кәмелетке толмағандарды әлеуметтік қолдауға бағытталғанына назар аударды.
Жоғарғы Соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Баян Тоқтарова өз сөзін балалардың құқығы мен заңды мүддесін қамтамасыз ету, оларды бұзған кезде осы құқықтарды ювеналды соттар жұмысының негізгі басымдығы ретінде қалпына келтіру мәселелеріне арнады.
Комитет отырысында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ауданаралық соттардың төрағалары сөз сөйледі. Олар осы соттардың ұйымдастырылуы мен қызметіндегі бар проблемаларға тоқтала келіп, сондай-ақ оларды одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар айтты.
Сондай-ақ, ішкі істер, мәдениет және ақпарат министрліктерінің өкілдері отбасын, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Талқылау барысында медиацияны қолдануды кеңейту, мекемеаралық өзара іс-қимылды күшейту, психологтар мен әлеуметтік мамандарды тарту, сондай-ақ соттарда балаға қолайлы және достық ортасын құру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін судьялар мен мамандардың біліктілігін арттыру қажеттігі де айтылды. Сенаторлар ювеналды әділет ең алдымен баланы қорғауға, оны оңалтуға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталуы тиіс екенін жеткізді.
Отырыс қорытындысы бойынша ювеналды әділет жүйесін одан әрі дамыту кешенді тәсілді және барлық мүдделі тараптардың үйлестірілген іс-қимылын талап ететіні атап өтілді.