Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің байланыс орталығы әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша өтініштерді қабылдайды
2025 жылы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ базасындағы байланыс орталығы азаматтардан түскен 1 095 000 өтінішті өңдеді, олардың 896 000-нан астамы (81,8%) әлеуметтік-еңбек саласына қатысты нысаналы өтініштерді құрайды.
Байланыс орталығы Қазақстанның барлық өңірлерінің тұрғындарына кеңес береді және мемлекеттік сервистермен байланыс орнатудың негізгі арналарының бірі болып табылады. Мамандар төлемдер мен жәрдемақылар, зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер алу, сондай-ақ әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov.kz), Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz), еңбек ресурстары порталы (hr.enbek.kz), SkillsEnbek.kz (мұнда тегін оқудан өтуге болады), BusinessEnbek.kz (жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар алуға өтінімдер берілетін платформа), көші-қон порталы (migration.enbek.kz) және басқа да электрондық ресурстарды пайдалану және сүйемелдеу мәселелері бойынша көмек көрсетеді.
Өтініштерді тиімді өңдеу үшін үш деңгейлі қолдау жүйесі жұмыс істейді. Бірінші желіде 40-қа жуық оператор мен супервайзерлер нақты уақыт режимінде бастапқы консультациялар береді. Қосымша деректерді тексеруді қажет ететін өтініштер екінші желіге жолданады, онда талдаушылар оларды 2 жұмыс күні ішінде қарайды. Терең зерделеуді талап ететін мәселелер үшінші желіде Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бейінді департаменттерімен 10 жұмыс күніне дейінгі мерзімде қаралады.
«Өтініштердің ең жоғары шоғырлануы әр айдың алғашқы 15 күнінде түседі. Бұл кезеңде азаматтар жәрдемақылар мен зейнетақылардың есептелуі, сондай-ақ берілген өтінімдердің мәртебесі мен қаражаттың түсу мерзімдері туралы белсенді түрде жүгінеді», – деп атап өтті байланыс орталығының 1-желі супервайзері, бас сарапшы Айнұрзада Каримова.
Байланыс орталығы әмбебап байланыс арналарының дамуына ерекше назар аударады. 1414 тегін желісінен бөлек, өтініштер Telegram, WhatsApp және электрондық пошта арқылы қабылданады. Барлық үдерістер байланыс орталығының бірыңғай платформасында автоматтандырылған, бұл өтініштердің ашық есебін жүргізуге және әлеуметтік-еңбек саласының барлық бағыттары бойынша деректерді талдамалық өңдеуге көмектеседі.