Балалардың құқықтарын қорғау – басым міндет: Сенат алимент өндіріп алуға қатысты жаңа нормаларды мақұлдады
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда халықаралық хаттамалар ратификацияланып, депутаттық сауалдар жолданды.
Күн тәртібіне сәйкес сенаторлар «1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңдарды қарап, мақұлдады. Талқылау кезінде аталып өткендей, хаттамаларды ратификациялау мемлекетаралық деңгейде алимент өндіріп алу рәсімін жеңілдетеді. Құжаттар сот бұйрықтарын сөзсіз тануды және орындауды қамтамасыз етуге арналған. Бұл шара конвенцияларға қол қойған елдердің құқықтық өрісі шеңберінде балалардың құқықтарын, оның ішінде материалдық мүдделерін неғұрлым тиімді қорғауға мүмкіндік береді.
«Қаралған хаттамалар конвенцияларға қосылған елдерде балаларға алимент өндіріп алу тетіктерін жетілдіруді көздейді. Осы мақсатпен сот бұйрықтарын тану бөлігінде қажетті түзетулер енгізіліп отыр. Бұл түзетулер балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тиімділігін арттырады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Осылайша, конвенциялардың сот бұйрықтарына қолданылуын кеңейту олардың мәжбүрлеп орындалуын біріздендіруді қамтамасыз етеді және барлық қатысушы мемлекеттің аумақтарында балалардың алимент құқықтарын трансшекаралық деңгейде қорғау тиімділігін арттырады.
Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Бекбол Орынбасаров Бас прокуратураны жалпы үй алаңдарын жосықсыз иемденіп алудың және сатудың жолын кесуге шақырды. Ол үй иелері жиналыстарының хаттамаларын бұрмалағаны және кондоминиумның ортақ мүлкін ұрлағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.
Талғат Жүнісов 1 сәуірден бастап Ақмола облысындағы «Ақ-көл» және «Жақсы» стансаларында пойыздардың тоқтамауына жол беретін шешімге қатысты алаңдаушылық білдіріп, осы мәселеге Үкіметтің назарын аударды. Сенатордың айтуынша, маршруттардың бұлай өзгеруі көліктің қолжетімділігін және аймақтағы 100 мыңнан астам тұрғын үшін базалық қызметтерді алу мүмкіндігін айтарлықтай шектейді.