Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының жарлығын іске асыруға қатысты Палата алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындап берді
Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Жоғарғы Сот судьясын қызметінен босату мәселесін және күн тәртібіне шығарылған бірқатар заңды қарады.
Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев жаңа Конституцияны іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге қатысты алдағы міндеттерді айқындап берді. Сондай-ақ ол жүйелі жаңғырудың келесі кезеңіне арналған жоспар Мемлекет басшысының жаңа Ата Заңды іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлығына сәйкес белгіленуге тиіс екенін атап өтті.
«Республикалық референдум Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамалары жалпыхалықтық қолдауға ие екенін айқын көрсетті. Азаматтарымыздың 87 пайыздан астамы жаңа Конституцияны қолдап дауыс берді. Отандық және халықаралық байқаушылар дауыс берудің ашық әрі әділ өткенін айтты. Осы аптада Мемлекет басшысы Конституцияға және Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты Парламенттің алдында жаңа конституциялық заңдарды қарау және қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу сияқты маңызды міндеттер тұр. Сондай-ақ Президентіміз сессияның соңына дейін әкімшілік істер бойынша рақымшылық туралы заң қабылдауды тапсырды. Осы ауқымды жұмысты Мәжіліспен және Үкіметпен бірлесіп, уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруымыз керек», – деді Сенат Төрағасы.
Күн тәртібіне сәйкес отырыста, алдымен, Мемлекет басшысының Ерлан Қосмұратовты Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босату туралы ұсынуы қаралды. Бұл мәселе алдын ала Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды. Соның нәтижесінде сенаторлар Президент ұсынуын қолдау туралы шешім қабылдады.
Палата отырысында «Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 50 а)-бабын өзгертуге қатысты хаттаманы және Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 56-бабын өзгертуге қатысты хаттаманы ратификациялау туралы» заң да қаралып, мақұлданды. Талқылау кезінде аталып өткендей, хаттаманы ратификациялау Қазақстанның халықаралық авиациялық саясатты қалыптастыруға неғұрлым белсенді қатысуы үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге жағдай туғызады. Сондай-ақ еліміздің кандидатурасын ИКАО органдарының құрамына ілгерілету үшін алғышарттар жасайды.
Сонымен қатар бүгін сенаторлар «Бір тараптан Қазақстан Республикасының Үкіметі және екінші тараптан Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі, Халықаралық Қаржы Корпорациясы мен Инвестициялар Кепілдігінің Көпжақты Агенттігі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуына және өркендеуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл заң экономиканың орнықты өсуіне және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, шығыстарды неғұрлым шұғыл және әлеуметтік бағдарланған жобаларға қайта бөлу есебінен мемлекеттік бюджетке жүктемені азайту көзделіп отыр.
Дүниежүзілік Банктің ұлттық жобаларға қаржылық тұрғыда қатысуы ЖІӨ-нің тұрақты өсуін, шағын және орта бизнесті дамытуды және инновациялар мен жұмыс орындарын құру арқылы Қазақстанның инфрақұрылымын жүйелі жаңғыртуды қамтамасыз етеді.
Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
«Аталған заң қызметкерлердің құқықтарын қорғаудың қосымша тетіктерін енгізуді және еңбек жағдайларын жетілдіруді көздейді. Нақты айтқанда, кейбір әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қатысты еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасымен бұзуға тыйым салынады. Сондай-ақ жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуге бағытталған шаралар нақтыланды. Заңды қабылдау еліміздегі еңбек адамдарының құқықтық кепілдігін күшейтуге және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға үлес қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс барысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.
Нұртөре Жүсіп Астана медицина университетіне ұлттық жоғары оқу орны мәртебесін және білім ордасына академик Төрегелді Шармановтың есімін беру бастамасын көтерді.
Бекбол Орынбасаров энергетика саласындағы жүйелі мәселелерге алаңдаушылық білдіріп, іске қосу және режимдік-реттеу жұмыстарының тиімсіздігі мен саланың қымбат шетелдік мердігерлерге тәуелділігі артып отырғанын атап өтті. Ол аталған проблемаларды шешу үшін нақты кешенді шаралар ұсынды.
Геннадий Шиповских жол қауіпсіздігінің маңыздылығын айрықша мән беріп, салаға заманауи басқару технологияларын енгізу және авто мектептерге мемлекеттік бақылауды қайта қалпына келтіру жөнінде ұсыныс жасады.
Сәкен Арубаев агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыруға қатысты жүйелі түйткілдерге тоқталды. Сенатор осы бағытта агронесиелеуді цифрландыруға арналған кешенді шаралар топтамасын ұсынды. Бастама адал қарыз алушылар үшін скоринг жүйесін енгізуді, құжат айналымын жеңілдетуді және маркетплейстермен ықпалдастыру арқылы кепілді бағалауды автоматтандыруды қамтиды.
Алтынбек Нухұлы Павлодар облысындағы күрделі экологиялық ахуалға назар аударды. Негізгі шешім ретінде көмір энергетикасын терең жаңғырту, сондай-ақ, Екібастұз ГРЭС-іне заманауи газ тазарту жүйелерін енгізу және зиянды шығарындыларды түбегейлі азайтатын технологияларды қолдану ұсынылды.
Руслан Рүстемов елдің музей қорын жүйелі қолдауға, сақтауға және дамытуға бағытталған ұсыныстар жасады.
Бибигүл Жексенбай тұрғын үй құрылысы саласындағы алаяқтық деректеріне назар аударып, оның құрбанына айналған мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын көтерді. Ол жинақтарынан айырылған отбасына қатысты оқиғаны мысалға келтіріп, мүгедектігі бар адамдардың адал емес құрылыс компаниялары алдында қорғалмағанын атап өтті. Сондай-ақ атқарушылық өндіріс аясында әлеуметтік осал топтарды қорғаудың қосымша тетіктерін енгізу қажет екенін айтып, бірқатар маңызды шараға тоқталды.