Абай облысында 2022 жылдан бері 645 мың гектардан астам пайдаланылмаған жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Абай облысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару және оларды экономикалық айналымға тарту бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. 2022 жылдан бері өңірде 645 мың гектардан астам жер қайтарылып, жыл сайынғы жоспарлар белгіленген көрсеткіштерден асыра орындалып келеді.
Бұл жұмыс Мемлекет басшысының 2022 жылғы 28 наурыздағы тапсырмасын орындау аясында жүргізілуде. Осы мақсатта облыс әкімдігі жанынан әкім орынбасарының төрағалығымен ведомствоаралық жұмыс кіші тобы құрылған.
Абай облысының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ануар Бейсенов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында соңғы жылдары елеулі нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті.
2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 645,1 мың гектар жер қайтарылды. Оның ішінде 2022 жылы – 84,7 мың гектар, 2023 жылы – 255,5 мың гектар, 2024 жылы – 121,1 мың гектар.
Қайтарылған жерлер белгіленген тәртіппен қайта бөлініп, негізінен ауыл тұрғындарының қажеттіліктеріне, оның ішінде жеке мал шаруашылығы үшін жайылымдармен қамтамасыз етуге бағытталуда. 2026 жылға облысқа 90 мың гектар жерді қайтару жоспары бекітілген. 21 қаңтардағы жағдай бойынша жоспардың 4,8%-ы орындалып, 4,4 мың гектар жер қайтарылған.
Қазіргі таңда аудан әкімдіктеріне жерді шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне беру бойынша конкурстарды жандандыру міндеті қойылып отыр. Бұл ретте жайылымдарды бөлу тек жайылымдарды басқару жоспарлары бекітілген жағдайда ғана мүмкін.
Соған қарамастан, облыстың алты ауданында – Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар және Мақаншы аудандарында жайылым жерлерінің тапшылығы сақталуда. Сонымен қатар 3,3 млн гектар ауыл шаруашылығы жерінің профициті тіркеліп отыр, бұл оларды пайдалану тиімділігін арттыру қажеттігін көрсетеді.
Жерлерді қайтару және оларды айналымға енгізу жұмыстары жалғасуда.