Абай облысында тазалық шаралары басталады
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасын өңірде іске асыру барысы, көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары, облыстық жобалық кеңсенің қызметі және негізгі жобалары қаралды. Отырысқа аудан және қала әкімдері, облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Теміржанов, облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов және облыс әкімдігі жобалау кеңсесінің басшысы Камария Қажығалиева баяндады.
Облыста «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы аясында 44 іс-шарадан тұратын өңірлік жоспар бекітілді. 2025 жылға жоспарланған 32 іс-шара толық жүзеге асырылды. Былтыр бағдарлама аясында елді мекендерді санитариялық тазалау жұмыстарына 349 мың тұрғын, 15 906 ұйым және 6 371 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 182 мың аула, 3 055 саябақ пен сквер, 1 315 ескерткіш маңы тазартылып, 10 564 әлеуметтік және 17 376 бизнес нысан қамтылды. 52 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылып, 70 511 түп жасыл желек отырғызылды. Өңірде алғаш рет «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы өткізіліп, жеңімпаздар бірнеше номинация бойынша марапатталды.
Экологиялық құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидаты аясында 9 091 әкімшілік хаттама толтырылып, 74,6 млн теңге айыппұл салынды. TazaQazBot арқылы 928 өтінім түсіп, оның 862-сі орындалды. 2026 жылға арналған жоспар аясында 32 іс-шара іске асырылады. Олар экологиялық білім беру және ақпараттық саясат, инфрақұрылымды дамыту және қоғамдық бастамалар мен эковолонтерлікті қолдау секілді үш бағытты қамтиды. Жоспарға сәйкес биыл облыс бойынша 67 мың көшет отырғызу көзделіп отыр.
Полиция департаментінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында абаттандыру қағидаларын сақтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Жыл басынан бері 3 616 құқық бұзушылық анықталып, 12,3 млн теңге айыппұл салынды, 3 178 ескерту берілді. Құқық бұзушылықтардың алдын алуда бейнебақылау камералары тиімді қолданылуда. Олардың көмегімен 291 құқық бұзушылық анықталды. Алдағы уақытта рейдтік іс-шаралар жалғасып, жұмыс күшейтіледі.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы да өңірде «Таза Қазақстан» экологиялық жобасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Жыл басынан бері апта сайын «Таза бейсенбі» акциясы өткізіліп, елді мекендерді санитарлық тазалау және абаттандыру жұмысы жүргізілуде.
Аймақ басшысы жиында облыста осы аптаның демалыс күндерінен сенбіліктер мен тазалық акциясы басталатынын, биыл өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүйелі жұмыс жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ, тазалық шараларына партиялық және қоғамдық бақылауды күшейтуді, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділеріне бейнебақылау орнатуды, заңсыз қоқыс тастаушыларға әкімшілік шараларды күшейтуді тапсырды.










