Заң мен тәртіп – қоғамдағы қауіпсіздік пен әділдіктің басты негізі
Мемлекет басшысының 2026 жылғы 30 наурызда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмасына сәйкес, Ішкі істер министрлігі Алматы қаласында орын алған резонанстық жол-көлік оқиғасының мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеп-тексеру және кінәлі тұлғалардың жазадан жалтармауын қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдауда.
Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот шешімімен ZEEKR автокөлігінің жүргізушісі қамауға алынды. Тергеу барысында оның апат кезінде алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.
Сонымен қатар бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі фактілері бойынша да қылмыстық істер қозғалды. Тергеу жұмыстарын ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізуде. Қоғамда таралған барлық мәліметтер тексерілуде.
Жағдайға объективті баға беру мақсатында Алматы қаласына ІІМ комиссиясы, оның ішінде Өзіндік қауіпсіздік департаменті, Әкімшілік полиция комитеті және Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департамент өкілдері жіберілді.
Қызмет барысында жіберілген кемшіліктер үшін Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Қазіргі уақытта қызметтік тәртіпті күшейту және заңдылықты қамтамасыз ету бағытында қосымша шаралар қабылдануда.
Алматы қаласына басқа өңірлерден полиция жасақтары жіберіліп, кең ауқымды тексеру және рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Алғашқы күндердің өзінде 4,8 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегі анықталды. Олардың қатарында мас күйінде көлік басқару, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмір қолдану және жүргізу құқығынсыз көлік басқару фактілері бар. 2 мыңнан астам автокөлік айыппұл тұрағына қойылды.
Аталған күшейтілген іс-шаралар бүкіл ел аумағында жүргізілуде.
Тергеу барысы Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асыловтың жеке бақылауында. Барлық кінәлі тұлғалар заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Ешбір тұлға мәртебесіне, лауазымына немесе байланыстарына қарамастан жауапкершіліктен жалтара алмайды. Барлығы заң алдында тең.