Ұстазға құрмет – ұрпаққа аманат
Ұстазды қадірлеу – халқымыздың рухани болмысымен біте қайнасқан қасиет. Қай заманда да елдің ертеңін ойлаған ұлт зиялылары білім мен ғылымды жоғары қойып, ұстаз еңбегін ерекше бағалаған. Осы дәстүрдің жалғасы ретінде Шәкәрім университеті қабырғасында экономика ғылымдарының кандидаты Қуантқан Биболат атындағы жаңа оқу кабинеті ашылды.
Бұл – ғылымға ғұмырын арнаған ұстазға деген құрмет, оның еңбегін ұлықтау, жас ұрпаққа өнеге ету. Университет қабырғасында мұндай игі бастамалардың жүзеге асуы – білім ордасының ішкі мәдениеті мен құндылықтарының жоғары екенін көрсетеді.
Кабинеттің ашылуына орай ғалымды еске алуға арналған мазмұнды дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – Қуантқан Биболат еңбегін жас буынға таныстыру, оның отандық экономикалық ғылым мен жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан үлесін кеңінен насихаттау болды.
Жиынға аға буын ғалым-ұстаздар, әріптестері мен шәкірттері қатысып, естеліктерімен бөлісті. Олар ғалымның кәсіби біліктілігімен қатар, адамгершілік қасиеттерін, ұстаздық болмысын ерекше атап өтті. Әсіресе оның шәкірт тәрбиелеудегі жауапкершілігі, қарапайымдылығы мен еңбекқорлығы қатысушылардың жылы лебіздерінен анық байқалды.
Дөңгелек үстелде жасалған баяндамаларда ғалымның ғылыми еңбектеріне де кеңінен тоқталынды. Аймақтық экономиканы дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, аграрлық сектор мәселелерін зерттеу бағытындағы еңбектері бүгінгі күні де өзекті екені айтылды. Бұл оның ғылыми мұрасының өміршеңдігін көрсетеді.
Іс-шара барысында ұрпақтар сабақтастығы айқын сезілді. Аға буын өз тәжірибесімен бөлісіп, кейінгі толқынға бағыт-бағдар берсе, жас ғалымдар мен студенттер үлкен тағылым алды. Осындай кездесулердің тәрбиелік мәні зор екені сөзсіз.
Айрықша атап өтерлігі – Шәкәрім университеті тек білім берумен ғана шектелмей, ғылым мен руханиятты қатар дамытуды басты ұстаным етіп келеді. Университетте ғалымдардың еңбегін дәріптеу, олардың есімін есте сақтау, ғылыми мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Арнайы кабинеттер ашу, атаулы аудиториялар беру, ғылыми-танымдық іс-шаралар өткізу – соның нақты дәлелі.
Университет – тек маман даярлайтын мекеме ғана емес, ғылыми ой қалыптастыратын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін іргелі білім ордасы. Осындай ортада білім алып жатқан жастар үшін ұстаз тұлғасы әрдайым үлгі болып қала береді.
«Ұстазға құрмет – ұрпаққа аманат» деген сөздің мәні де осында. Бүгінгі жас буын ғылым жолында табысқа жетсе, ол – кешегі ұстаздардың еңбегінің жемісі. Ал сол еңбекті ұлықтау – кейінгі ұрпақтың парызы.
Қуантқан Биболат атындағы кабинеттің ашылуы мен оған арналған тағылымды шаралар – осы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Бұл – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағытталған маңызды қадам.
Шәкәрім университеті «Экономика және қаржы» кафедрасының аға оқытушылары Л.Б. Габдуллина, М.С. Искакова


