Астана – Омбы пойызының жолаушылар вагондары жаңартылды
Мемлекет басшысының жолаушылар вагондары паркін кешенді жаңарту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жолаушылар тасымалы саласында жылжымалы құрамды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстарын жүргізуде.
Салтанатты іс-шара барысында «Астана – Омбы» халықаралық бағыты бойынша жолаушылар пойызының жаңартылған құрамы жолға шықты.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов: «Бағыттың жаңартылуы көршілес елдер арасындағы көлік байланысын нығайтуға және жолаушылар үшін қолжетімді әрі жайлы жағдай жасауға бағытталған», – деп атап өтті.
Пойыз құрамына RWS Wagon (холдинг RWS KZ) базасында жасалған купе және плацкарт үлгісіндегі 8 жаңа отандық вагон қосылды. Бір бағыттағы жалпы сыйымдылық 300-ден астам жолаушыны құрайды.
Бұған дейін халықаралық бағыттарда жылжымалы құрамды жаңарту жұмыстары «Алматы – Саратов», «Алматы – Новосибирск» және «Қарағанды – Мәскеу» бағыттарында жүргізілген болатын. Енді олардың қатарына «Астана – Омбы» бағыты қосылды.
Жалпы, жолаушылар вагондары паркін жаңарту жұмыстары жүйелі негізде жүргізіліп келеді. 2025 жылы 175 жаңа жолаушылар вагоны сатып алынды. 2026 жылы тағы 191 вагон сатып алу жоспарлануда. 2030 жылға дейін 800-ге жуық вагон жаңартылады, бұл қолданыстағы парктің 90%-ын ауыстыруға мүмкіндік береді.
Жаңа вагондар заманауи талаптарға толық сай келеді. Интерьері мерзімінен ерте тозуды болдырмайтын арнайы материалдардан жасалған, климат-бақылау және ауаны залалсыздандыру жүйелерімен, USB-порттармен және 220 В розеткаларымен, Wi-Fi желісімен,биодәретханалармен жабдықталған.