Cемей12°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
475.31 555.54 6.05

Қазақстан Әзербайжанмен және Өзбекстанмен жасыл энергетиканы дамыту жөніндегі ынтымақтастықты нығайтады

Бүгін, 15:50 Думан Кенжеғазыұлы

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда күн тәртібіне шығарылған заңдар қаралып, депутаттық сауалдар жолданды.

Отырыс барысында сенаторлар «Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Талқылау кезінде аталып өткендей, бұл келісімді ратификациялау энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, транзиттік бағыттарды әртараптандыруға және төмен көміртекті өнім экспорттау арқылы Қазақстанның тұрақты экономикалық өсіміне ықпал етеді.

«Қаралған үшжақты келісім елдеріміз арасында жасыл энергетиканы дамыту жолындағы бірлескен жұмысты айқындайды. Оның тиімділігін арттыру үшін тараптар арнайы Басқарушы комитет пен Жұмыс топтарын құруды көздеп отыр. Жалпы, бұл заңды мақұлдау елімізде жаңартылатын энергия саласын дамытуға және осы бағытта өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Аталған заң арқылы тараптар «жасыл» электр энергиясын сенімді әрі үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін техникалық және коммерциялық шарттарды айқындайды. Сондай-ақ келісім энергия тиімділігін арттыруға арналған жаңа технологияларды енгізуді қарастырады. Құжатта энергияны Еуропаға және өзге де өңірлерге экспорттауға арналған инфрақұрылымды дамыту мәселесі де қамтылған.

Сонымен қатар депутаттар «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Тараптар бұл заң нормалары аясында ақпараттық өзара іс-қимыл шеңберінде деректермен тұрақты алмасуды қамтамасыз етуге, олардың дұрыстығына кепілдік беруге және техникалық іркілістер туралы жедел хабарлауға міндеттенеді. Келісім радиациялық жағдайға мемлекеттік мониторинг жүргізу жүйесінің деректеріне ғана қолданылады және атом энергиясын пайдалану объектілеріндегі радиациялық мониторинг деректеріне қолданылмайды.

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.

Талғат Жүнісов Зерендіде салынатын тарихи-өлкетану музейінің құрылысына бюджеттік қолдау көрсету мәселесіне тоқталды. Бұл нысанды Ақмола облысындағы туристік кластердің заманауи визит-орталығы қызметін атқаратын креативті хабқа айналдыру көзделген. Алайда, қазіргі таңда жоба қаржыландыру тапшылығына байланысты тоқтап тұр.

Сұлтан Дүйсембинов ауылдағы шағын бизнесті қолдау және қарыз алушылардың ең осал санаттарына атаулы көмек көрсету үшін кредиттік серіктестіктер жүйесін реформалауды, сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенін нарықтық қаржыландыру тетіктерін енгізуді ұсынды. Бұл ретте шаруаларға көрсетілетін қаржылық қызметтер тізбесін заңнамалық тұрғыда кеңейту маңызды шара болмақ.

Айнұр Арғынбекова Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында инклюзивті спортты дамытуға арналған жаңа бастамаларды ұсынды. Нақты айтқанда, депутат өңірлік орталықтардың жұмысына бірыңғай регламент әзірлеу, оларды тең қолжетімділік қағидаттары негізінде қаржыландыру тетіктерін айқындау және кадрлық әлеует пен саланың нормативтік базасын күшейту керек екенін атап өтті.

Ғалиасқар Сарыбаев коммерциялық емес ұйым нысанында жұмыс істейтін ұлттық зерттеу университеттерінің автономиясын кеңейту мәселесіне назар аударды. Сенатор қазіргі үлгі олардың инвестиция тартуына және әзірлемелерді коммерцияландыруына шектеу қойып отырғанын айтып, Nazarbayev University тәжірибесін кеңінен енгізу керектігін тілге тиек етті.

Ернұр Әйткенов агроөнеркәсіп кешені мен экспорттың негізі саналатын фитосанитарлық қауіпсіздікті нығайтуға арналған нақты шаралар топтамасын ұсынды. Оның айтуынша, ең алдымен, «Фитосанитария» мамандығын білім беру жүйесіне қайта енгізу және ГМО мен инфекцияларды бақылауға арналған зертханаларды техникалық тұрғыда қайта жабдықтау қажет.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив