Valley компаниясы Қазақстанда суару машиналарын өндіруді жоспарлауда
Халықаралық Valmont Industries компаниясы (Valley бренді) Қазақстанда Valley маркалы суару машиналарын жергілікті деңгейде өндіру жобасын іске асыруды көздеп отыр.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың компанияның Еуразия және Латын Америкасы бойынша өңірлік вице-президенті Филипп Шмидт-Хольцманмен кездесуі барысында айтылды.
Министр суармалы егіншілікті дамыту мемлекеттік аграрлық саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Президент жыл сайын 150 мың гектарға дейін су үнемдеу технологияларын енгізу міндетін қойды. Бұл шара ауыл шаруашылығын жаңғыртуға, су ресурстарын тиімді пайдалануға және суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға бағытталған. Біз суармалы алқаптарды кеңейтуге, соның ішінде шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған жобаларға мүдделіміз. Сіздер ұсынып отырған жоба агроөнеркәсіптік секторды дамыту үшін ерекше маңызды. Мұндай бастамаларды іске асыру саланың климаттық тәуекелдерге төзімділігін арттырып, өнімділікті көбейтуге ықпал етеді», — деді Айдарбек Сапаров.
Өз кезегінде Филипп Шмидт-Хольцман Орталық Азия нарығы заманауи суару шешімдерін енгізу үшін зор әлеуетке ие екенін атап өтті. Оның пікірінше, жергілікті өнеркәсіптік серіктестермен әріптестік орнату жобаны тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.
Кездесуге қатысушылар инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қатысты мәселелерді де назардан тыс қалдырмады. Қазақстандық серіктес «Имсталькон» акционерлік қоғамы.
Ағымдағы жылы Алматы облысында іске қосылатын жобаның қуаттылығы жылына 300–500 жаңбырлатқыш қондырғы шығаруға есептелген. Жалпы инвестиция көлемі 17 млн АҚШ долларын құрайды.
Жергілікті өндірістің іске қосылуы елдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы маңызды қадам болмақ.