Әскер спортшысы 500 шақырым жүгіріп, рекорд жасамақ
Екінші мамыр күні таңғы сағат алтыда Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Орталық спорт клубының әскери қызметшісі ефрейтор Бауыржан Әбдіхайым Балқаш қаласының маңындағы Ақжал ауылы маңынан ультрамарафонды бастады.
Алған бағыты Ақжал – Ақсу-Аюлы – Ақсу – Қарағанды – Осакаровка – Астана елді мекендері. Спортшының есебі бойынша ол өзіне күніне жүз шақырым жүгіруді міндеттеп отыр.
Орталық спорт клубы коменданттық взводының аға сарбазы Бауыржан Әбдіхайым өзінің ультрамарафонын Отан қорғаушы күніне және Жеңіс күніне арнайды. Алтыншы күні ол еліміздің бас қаласы – Астанаға жетемін деп отыр.
Әскер спортшысы демеушілерге, оның ішінде марафонды тамақтандыруды және медициналық қолдауды ұйымдастырғаны үшін «Хан Сұлтан» спорт клубының өкілдеріне, қашықтықтағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
– Марафон оңай болмасы анық. Дегенмен, менің міндетім – күшімді есеппен жұмсап, тапсырманы орындау. Ең бастысы, маған сенім білдіргендердің, тәлімгерлер мен әріптестердің үмітін ақтауға тырысамын, – деді спортшы.
Аталған ультрамарафонды Қазақстандық рекордтар кітабының өкілдері тіркейтін болады.