Құжаттар сөйлейді: Қазақстандағы сайлау жүйесінің тарихы
Сәуір айының 15-ші жұлдызында Абай атындағы кітапханада Шәкәрім университетінің құрметті профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы, белгілі қоғам қайраткері Зейнолла Қалымбекұлы Тоқаевтың «Қазақстанның солтүстік-шығыс аймағындағы сайлау: Жеті жарғыдан бүгінгі күнге дейін» кітабының таныстырылымы өтті. Абай облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткен алқалы жиынға облыстық және қалалық ардагерлер ұйымдарының мүшелері, ЖОО оқытушылары мен студенттері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Тұсаукесер барысында Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан облыс әкімі Берік Уәлиұлының құттықтауын жеткізіп, сыйлығын табыс етті.
Зейнолла Қалымбекұлы – қаламыздағы байырғы оқу ордасы зоотехникалық-малдәрігерлік институттың ректоры, кейіннен Шәкәрім университетінде басшылық қызметтерді абыроймен атқарып, қала мен облысымыздың дамуына зор үлесін қосқан белгілі азамат. Қоғамдық жұмысқа да белсенді араласып, ұзақ жылдар бойы аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы ретінде сайлау жүйесінің дамуына өз еңбегін сіңірді. Архив документтеріне негізделіп жазылған Қазақстандағы сайлау жүйесінің дамуы туралы алғашқы кітаптың материалдарын автор 20 жылдан астам уақыт жинақтап, жүйелі түрде бір негізге келтірген.
Материалдар Орталық мемлекеттік архивтен, Семей, Шығыс Қазақстан облыстарының архивтеріндегі құжаттардан алынған, кітаптың бірінші бөлімінде Қазан төңкерісіне дейінгі сайлау жүйесі талданып, ХV- XVII ғасырдағы қазақ хандықтарының, кейінгі патша үкіметінің қарауындағы Семей округі, облысы, кейін уезінің сайлау жүйесі туралы, осы аймақтан Ресей мемлекеттік думасына сайланған депутаттар туралы қызықты тарихи мәліметтер келтірілген. Екінші бөлімде Қазан төңкерісі мен азаматтық соғыс кезіндегі аймақтағы сайлау жүйесі және Алаш автономиясы туралы баяндалған.
Ал үшінші бөлімде Кеңес үкіметі кезіндегі сайлау туралы мәліметтер келтірілген. Мұнда Семей губерниясы, Семей округі, Шығыс Қазақстан облысы, кейіннен Семей облысындағы (1939-1990) сайлау туралы құжаттар негізінде материалдар берілген. Соңғы төртінші бөлімде Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі өткізілген Референдум, ҚР Президентін сайлау, ҚР Парламент Мәжілісіне депутаттар сайлау, Семей, Шығыс Қазақстан облыстарының мәслихаттарына сайлау, Семей қаласының мәслихатына сайлау, Абай облысының мәслихатына сайлау және соңғы ауыл және поселок әкімдерін сайлау қорытындылары туралы материалдар бар.
Жиында сөз алған автор кітаптың жазылу тарихына тоқталып, өзінің қысқаша өмірбаянын және сайлау жүйесінде атқарған қызметі туралы баяндап берді. Қосымша пікір білдірген замандастары мен әріптестері – ауыл шаруашылығының ардагері Е.А.Зайтенов, профессор А.Еспенбетов, қоғам қайраткері А.Кәрімов, кітаптың бас редакторы Т.Шаңбай т.б. кітаптың қоғамға деген қажеттілігі мен маңыздылығын атап өтті.
Кітаптағы мол тарихи құжаттар мен мәліметтер жас ғалымдар мен зерттеушілерге, мемлекеттік қызметкерлер мен саясаткерлерге таптырмайтын құрал болатыны сөзсіз. Кітапта аттары аталған тарихи тұлғалардың туысқандары, Семей қаласын басқарған бұрынғы әкімдер, мәслихаттың хатшылары, әкімдік қызметкерлері және сайлау комиссиясының төрағалары тарихи кітаптың таныстырылымына белсене қатысып, өз ойларымен бөлісті.
Қорыта келгенде айтарымыз, сайлау жүйесі әр тарихи кезеңнің дамуымен біте қайнасқан саяси жүйе түрінде үнемі даму үстінде және әрбір кезеңдегі электораттың саяси мәдениеті мен еріктілігін көрсетеді. Осыған байланысты аталған кітап қоғам мүшелеріне, әсіресе жастарға өздерінің конституциялық құқықтарын толықтай іске асыру бағытында көмекші құрал болатыны сөзсіз.
Қ. АМИРХАНОВ,
Шәкәрім университеті ардагерлер
кеңесінің төрағасы, профессор